1 күн бұрын
Бибісара Асаубаева өнер көрсететін команда Global Chess League-де көш бастады
Үндістанның Бенгалуру қаласында әлемнің үздік шахматшылары қатысып жатқан Global Chess League-тің төртінші маусымы өтіп жатыр.
Қазақстандық Бибісара Асаубаева өнер көрсететін FYERS American Gambits турнирдің алғашқы күнінде екі рет жеңіске жетіп, көш бастады. Команда алдымен PBG Alaskan Knights-ты 10:4 есебімен жеңсе, кейін Triveni Continental Kings-тен 9:7 есебімен басым түсті.
FYERS American Gambits сапында өзбекстандық Жавохир Синдаров, ресейлік Даниил Дубов, үндістандық Нихал Сарин, қазақстандық Бибісара Асаубаева, ирандық Сара Хадем және француз Марк-Андриа Маурицци өнер көрсетеді.
Асаубаева алғашқы турда PBG Alaskan Knights құрамындағы Екатерина Лагномен тең түсті. Екінші кездесуде Triveni Continental Kings өкілі Чжу Цзиньэрмен де ұпай бөлісті. Ал кейін Ganges Grandmasters сапындағы Полина Шуваловаға жол берді.
Алайда бұл нәтиже оның командасына кедергі болмады. FYERS American Gambits алғашқы екі матчтағы жеңістің арқасында турнирдің алғашқы кезеңінде көш басына шықты. Кейін команда Ganges Grandmasters-тен 7:9 есебімен жеңіліп, қарсыласы екінші орынға көтерілді.
Биылғы Global Chess League-ке алты команда қатысады. Әр командалық матчта алты шахматшы бір уақытта ойнайды және команданың барлық мүшесі бір түсті фигураларды қолданады. Ақ фигурамен жеңген ойыншыға үш ұпай, қара фигурамен жеңген шахматшыға төрт ұпай беріледі. Тең ойын үшін екі тарапқа да бір ұпайдан жазылады.
Айта кетейік, биылғы маусым 5-13 қыркүйек аралығында Бенгалуруда өтеді. Турнирдің жүлде қоры – 1 миллион АҚШ доллары.
Сонымен қатар тамыз айында бұрынғы «Барселона» футболшысы әрі Испания құрамасының әлем чемпионы Жерар Пике FYERS American Gambits командасының стратегиялық акционері атанды.
Біздің серіктес: Sport12kz