1 күн бұрын
Қазақстандық шаңғышылар Чехиядағы FIS Кубогында үш медаль жеңіп алды
Чехияның Френштат-под-Радгоштем қаласында шаңғымен тұғырдан секіруден FIS Кубогының кезекті кезеңі өтті.
Екі күнге созылған жарысқа 57 спортшы қатысты. Қазақстан құрамасының өкілдері бәсекені екі алтын және бір күміс медальмен аяқтады.
Жарыстың алғашқы күнінде Данил Васильев 258,4 ұпай жинап, алтын медаль иеленді. Екінші орынды австриялық Якоб Штайнбергер (236,6 ұпай) алса, польшалық Ян Галица (236,3) үздік үштікті түйіндеді.
Екінші жарыс күнінде де қазақстандықтар жеңіс тұғырынан көрінді. Илья Мизерных 267,4 ұпаймен топ жарса, Данил Васильев 259,8 ұпаймен күміс жүлдеге ие болды. Үшінші орын Якоб Штайнбергерге (244,5) бұйырды.
Осылайша, Қазақстан құрамасы Чехиядағы FIS Кубогының кезеңін екі алтын және бір күміс медальмен қорытындылады.
Біздің серіктес: Sport12kz