4 сағат бұрын
Қазақстандық шахматшылар Guba Open-2026 турнирінде топ жарды
Әзербайжанның Губа қаласында өткен Guba Open-2026 халықаралық шахмат фестивалінің әйелдер арасындағы бәсекесінде қазақстандық шахматшылар тұғырдың екі сатысын иеленді, деп хабарлайды Sport12.kz.
Әйелдер арасындағы жарыста 15 жастағы қазақстандық Мария Холявко жеңімпаз атанды. Ол тоғыз партияның қорытындысы бойынша 6 ұпай жинап, бес рет жеңіске жетті, екі партияда тең түсіп, екі рет жеңілді.
Жалпы есепте Холявко 5-13-орындарды бөлісті. Қосымша көрсеткіштер бойынша 12-орынға орналасып, әйелдер арасында үздік нәтиже көрсетті.
Әйелдер арасындағы екінші орынды Қазақстанның 19 жастағы өкілі Аяулым Қалдарова иеленді. Ол турнирді 5 ұпаймен аяқтады. Үздік үштікті Әзербайжан шахматшысы Лала Гусейнова түйіндеді.
Guba Open-2026 халықаралық шахмат фестивалі 4-10 қыркүйек аралығында Губа қаласында өтті. Жарысты Әзербайжан шахмат федерациясы мен «Ağ Top» шахмат клубы ұйымдастырды.
Негізгі А тобында 11 елден 76 шахматшы, оның ішінде алты гроссмейстер мен 10 халықаралық шебер бақ сынады.
Жалпы есепте Әзербайжан өкілдері Мисратдин Искандаров пен Вугар Манафов 7 ұпайдан жинап, бірінші орынды бөлісті. Үшінші орын FIDE атынан өнер көрсеткен Михаил Можаровқа бұйырды.
Біздің серіктес: Sport12kz