3 күн бұрын

Көшпенділер ойындарында топ жарған Болат Сапар «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды

Көшпенділер ойындарында топ жарған Болат Сапар «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды

Қазақстан құрамасы Қырғызстанда өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында жалпыкомандалық есепте бірінші орын алды. Ұлттық құрама 32 алтын медаль жеңіп алды. Жеңімпаздар қатарында ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 6636 әскери бөлімінің әскери қызметшісі, спорт командасының мүшесі ефрейтор Болат Сапар да бар.

Спорттағы жоғары нәтижесі үшін Болат Сапар ҚР Президентінің Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы әскери қызметшіні жоғары спорттық нәтижесімен құттықтады. Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары, генерал-майор Бекайдар Казкеев Болат Сапарға алдағы уақытта да толағай табыстар мен жаңа жеңістер тілеп, халықаралық спорт аренасында ел абыройын сәтті қорғауға тілек білдірді.

Болат Сапардың бұл жетістігі оның спорттағы алғашқы нәтижесі емес. 13–15 тамызда Мәскеуде өткен әскери қызметшілер арасындағы әлем чемпионатында ол Қазақстан құрамасы сапында 98 келіден жоғары салмақта өнер көрсетіп, күміс медаль иеленді.

2025 жылы Болат Сапар Сингапурда өткен жағажай самбосынан V әлем чемпионатында Қазақстан намысын қорғап, қола жүлдеге ие болды. Әлемнің 20 елінен спортшылар қатысқан жарыста Ұлттық ұланның әскери қызметшісі жүлдегерлер қатарынан көрінді.

Айта кетейік, Ұлттық ұлан әскери қызметшілері күн сайын қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, маңызды мемлекеттік нысандарды күзету және азаматтарды қорғау міндеттерін атқарады. Сонымен қатар ұландық спортшылар республикалық және халықаралық жарыстарда Қазақстан намысын қорғап келеді.


Біздің серіктес: Sport12kz