3 сағат бұрын
Қазақстандық спортшы боччадан халықаралық турнирде жеңімпаз атанды
Чехияның Пльзень қаласында өтіп жатқан Pilsen 2026 World Boccia Challenger турнирінде Қазақстан өкілі Итиана Шыңғысханова жеңімпаз атанды.
Елордалық спортшы жарыста өткізген бес кездесуінің барлығында жеңіске жетті. Алдымен топтық кезеңнен сүрінбей өтіп, кейін плей-офф кезеңінде де үздік нәтижесін жалғастырды.
Топтағы алғашқы бәсекеде Итиана Шыңғысханова Израиль спортшысы Орел Якоовты 9:3 есебімен ұтты. Кейін Жаңа Зеландия өкілі Хлоя Стурттан 7:3, Словакия спортшысы Кристина Кудлацовадан 5:2 есебімен басым түсті.
Жартылай финалда қазақстандық спортшы Грекия өкілі Элисавет Иосифидоумен кездесіп, 8:1 есебімен жеңіске жетті.
Финалда Итиана Шыңғысханова топтық кезеңде кездескен Орел Якоовпен қайта жолығып, бұл жолы да қарсыласына мүмкіндік бермеді. Қазақстандық боччашы шешуші ойынды 10:1 есебімен аяқтады.
Осы нәтижемен Итиана Шыңғысханова Pilsen 2026 World Boccia Challenger турнирінің алтын жүлдесіне қол жеткізді.
Біздің серіктес: Sport12kz