14.09.2026
Ұлттық ұлан әскери қызметшісі жүзуден Қазақстан чемпионатында бес медаль жеңіп алды
Астанада жүзуден «Мастерс» санатындағы Қазақстанның ашық чемпионаты өтті. 12–13 қыркүйекте ұйымдастырылған бәсекеде ҚР ІІМ Ұлттық ұланы 6636 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Нұртас Әлібеков бес жүлдеге ие болды.
Спортшы өз жас санатында екі жарыста топ жарды. Ол 200 метрге кешенді жүзуде және 100 метрге брасс әдісімен жүзуде алтын медаль жеңіп алды.
Сонымен қатар Нұртас Әлібеков 50 метрге еркін жүзуден, 50 метрге брасс әдісімен жүзуден және 100 метрге шалқалап жүзуден күміс жүлдегер атанды.
Чемпионат барысында әскери қызметші қазақстандық тәжірибелі спортшылармен бірге сынға түсті. Ол ұлттық құраманың жаттықтырушысы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Геннадий Гордиенко және Рио-2016 Олимпиадасының чемпионы Дмитрий Баландинмен бір жүзу жолағында өнер көрсетті.
Нұртас Әлібеков үшін бұл жарыс биылғы маусымдағы алғашқы жетістігі емес. Тамыз айында Бурабай көлінде өткен X-WATERS Kazakhstan 2026 халықаралық жарысында ол 500 метр қашықтықта үшінші орын алып, 3×500 метрлік командалық эстафетада күміс медаль иеленді.
Әскери қызметші жүзумен тұрақты түрде айналысып, спортты дене дайындығын жетілдірудің бір бағыты ретінде ұстанып келеді. Оның айтуынша, жаттығу барысында қалыптасқан төзімділік пен тәртіп әскери қызметте де маңызды рөл атқарады.
Біздің серіктес: Sport12kz