7 күн бұрын
Қызылорда облысында жасөспірім қызды зорлаған хоккей бапкері ұсталды
Қызылорда облысы Сырдария ауданында 38 жастағы хоккей бапкері өзінің 16 жастағы шәкіртін екі жыл бойы зорлап, қорқытып, тіпті басқа адамдарға сатуға мәжбүрлеген деген күдікпен сот санкциясымен қамауға алынды, деп хабарлайды Sport12.kz ақпараттық агенттігі Информбюро 31-ге сілтеме жасап.
Полиция екі күдіктіні ұстап, істі сотқа дайындап жатыр. Сонымен қатар, жәбірленушінің анасы мен ағасы бапкерді ұрлап алып кеткен деген күдікпен тергеуде.
Жәбірленуші 16 жастағы қыздың айтуынша, алғашқы зорлау оқиғасы Талдықорғандағы хоккей жарысы кезінде болған. Жаттықтырушы оған масайтатын сусын беріп, есінен тандырған соң, жалғамалы пәтерде арам іске барған. Одан кейін ол қызды бейнежазбамен қорқытып отырған: «Видеоңды таратамын» деп, өз еркіне көндіріп, жыныстық қатынасқа мәжбүрлеген.
Қыздың айтуынша, жаттықтырушы оны жаттығудан кейін машинасына мінгізіп, тоғайлы жерге апарып, зорлаған. 2025 жылдың маусымынан бастап оны басқа ер адамдарға интимдік қызмет көрсетуге сатып, ақша мен наша алып отырған. Қыз екі жыл бойы қорқыныш пен манипуляцияның салдарынан үнсіз қалған.
Қызылорда облыстық полиция департаментінің басшысы Бауыржан Сәулебековтің мәліметі бойынша, екі күдікті – жаттықтырушы және тағы бір ер адам – сот санкциясымен қамауға алынған. Тергеп-тексеру жұмыстары аяқталып, қатысушылар іс материалдарымен танысуда. Сонымен қатар, екінші тарапқа қатысты «Адам ұрлау» бабы бойынша бөлек қылмыстық іс қозғалған. Жаттықтырушының ісі жақын арада сотқа жолданады.
Біздің серіктес: Sport12kz