1 күн бұрын
Ақтөбеде ауыл жасөспірімдерінің V жазғы ойындары өтеді
16–23 қыркүйек аралығында Ақтөбе қаласында ауыл жасөспірімдерінің V жазғы ойындары өтеді. Республикалық додаға еліміздің 17 облысынан 2 500-ге жуық жас спортшы қатысады.
Жарыстың негізгі мақсаты – ауыл жастарын спортқа тарту, бұқаралық спортты дамыту және өңірлердегі талантты спортшыларды анықтау. Сонымен қатар дода жас спортшыларға республикалық деңгейде тәжірибе жинап, шеберлігін шыңдауға мүмкіндік береді.
Биылғы ойындардың бағдарламасына спорттың 10 түрі енгізілген. Олар: асық ату, 3×3 баскетбол, волейбол, грек-рим күресі, дзюдо, еркін күрес, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, үстел теннисі және футзал.
Министрліктің мәліметінше, ауылдық жерлердегі спорт инфрақұрылымын дамыту жұмысы жалғасып жатыр. 2025 жылы елімізде 147 спорт нысаны пайдалануға берілсе, оның 107-сі ауылдық жерлерде салынған. Ал 2026 жылы тағы 121 жаңа спорт нысанын іске қосу жоспарланған.
Айта кетейік, қазір республика бойынша 26 мыңнан астам спорт нысаны жұмыс істейді. Елімізде 8,5 миллионнан астам адам дене шынықтырумен және спортпен тұрақты түрде айналысады.
Біздің серіктес: Sport12kz