4 күн бұрын
Мансабын аяқтаған Абзал Әжіғалиев бапкерлік қызметке кірісті
Елордада 15-18 қыркүйек аралығында шорт-тректен ел чемпионаты өтіп жатыр. Бұл ішкі біріншіліктің маңызы өте жоғары, өйткені жарыс қорытындысы бойынша алдағы 2026/27 жылғы жаңа маусымға арналған Ұлттық құраманың нақты құрамы жасақталады. Ел чемпионатының басты жаңалығы – жуырда ғана спорттық мансабын аяқтаған белгілі шорт-трекші Абзал Әжіғалиевтің мұз айдынына алғаш рет бапкер ретінде шығуы болды.
Абзал Әжіғалиев шорт-тректен Ұлттық құрама бапкерлерінің қатарына қосылды деп хабарлайды Sport12, Informsport сайтына сілтеме жасап.
“Бапкерлік мансабымды ақырындап бастадым. Ұлттық құраманың мамандарымен бірге жұмысыма кірісіп, спортшыларға тәжірибеммен көмектесіп жатырмын. Алда әлемдік деңгейдегі маңызды жарыстар күтіп тұр. Спортшыларды сол додаларға дайындаймыз”, - деді Әжіғалиев.
Айта кетейік, Абзал Әжіғалиев 2016 жылы АҚШ-тың Солт-Лейк-Сити қаласында өткен әлем кубогі кезеңінде 500 метр қашықтықта жеңімпаз атанған. Ол 2014 жылғы Сочи, 2018 жылғы Пхенчхан, 2022 жылғы Бейжің және 2026 жылғы Милан – Кортина қысқы Олимпиада ойындарына қатысты.
Спортшының Олимпиададағы ең үздік жеке нәтижесі – 2022 жылғы Бейжің Олимпиадасында 500 метр қашықтықта төртінші орын алған. Бұл – Қазақстанның шорт-тректегі Олимпиада тарихындағы ең жоғарғы тарихи нәтижелерінің бірі.
Біздің серіктес: Sport12kz