8 сағат бұрын
Астанада IV «Жігерлі жандар» пара марафоны өтті
22 қыркүйекте Астанадағы Триатлон-паркінде мүмкіндігі шектеулі жандар арасында IV қалалық «Жігерлі жандар» пара марафоны өтті, деп хабарлайды Sport12.kz
Спорттық шараға 80-нен астам қатысушы жиналды.
Пара марафонның ерекше қонағы Қазақстанның алғашқы паралимпиада чемпионы Зульфия Габидуллина болды. Ол жарысқа қатысып, спортшыларға қолдау көрсетті.
Шара қорытындысында мәреге жеткен барлық қатысушыға естелік медальдар мен сыйлықтар табысталды. Сондай-ақ спорттық мерекенің соңында қатысушылар арасында ұтыс ойыны ұйымдастырылып, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар берілді.
«Паралимпиадалық жаттықтыру орталығы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Абдусаид Назаровтың айтуынша, жыл сайын шараға қатысушылар саны артып келеді.
«Жыл сайын бұл шараға қатысушылар санының артып, «Жігерлі жандардың» нағыз спорттық мерекеге айналып келе жатқанын көру қуантады. Бүгінгі көтеріңкі көңіл-күй, қатысушылардың эмоциясы мен жүздеріндегі күлкі — біздің жұмысымызға берілген ең жақсы баға», — деді Абдусаид Назаров.
Оның сөзінше, шараның өтуіне серіктестер мен еріктілер де үлес қосқан.
«Жігерлі жандар» пара марафоны мүмкіндігі шектеулі жандарды спортқа тартуға, белсенді өмір салтын насихаттауға және қоғамдағы өзара қолдауды нығайтуға бағытталған.
Біздің серіктес: Sport12kz
Қанат Байұзақов