22.08.2023
Елордада джиу-джитсудан әлем чемпионаты басталды
Астана қаласында алғаш рет джиу-джитсудан жасөспірімдер мен кадеттер арасындағы әлем біріншілігі өтіп жатыр. деп хабарлайды sport12.kz. тілшісі.
Дүбірлі додаға әлемнің 42 елінен 1000-нан астам ең мықты деген боз кілем шеберлері жиналды. Бұл байрақты бәсекеде Қазақстан құрама командасынан 194 үздік спортшы ел намысын қорғайды.
Жарыстың салтанатты ашылу рәсіміне ҚР Мәдениет және Спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Ербол Мырзабосынов, Халықаралық Джиу-джитсу федерациясының президенті Теодоропулос Панайотис, Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев, ҚР джиу-джитсу қауымдастығының президенті Қуат Сагиев қатысты.
- «Бүгінгі таңда джиу-джитсу спорт түрі елімізге келгеніне аз уақыт болса да, кейінгі екі жылда үлкен жетістіктерге жетті. Оған дәлел, JJIF ( Джиу Джитсу Халықаралық Федерациясы) әлемдік деңгейде осы спорт түрін дамытуда үлкен үлес қосқаны үшін, Қазақстандағы джиу-джитсу спорт түрін дүниежүзінде екінші орын деп таныды. Бұл біз үшін үлкен мақтаныш.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей қамқорлығының арқасында елімізде отандық спортқа аса үлкен көңіл бөлінеді.
Соның нәтижесінде, бүгінде отандық джиу-джитсушылар әлем біріншіліктерінде жоғары нәтижемен қуантуда. Бүгінгі күні джиу-джитсу спорт түрімен 19 мыңнан астам адам шұғылданады.
Әлем чемпионатын елордамыз Астана қаласында өткізу джиу-джитсу спортын республикамызда және халықаралық аренада дамытуға және кеңінен таратуға, спортшылардың кәсіби шеберлігі мен бәсекеге қабілеттігін арттыруға, халықты жүйелі түрде спортпен шұғылдануға тартуға, салауатты өмір салтын насихаттауға ықпал етеді.
Барлық жарыс қатысушыларына сәттілік және соңына дейін жеңіске ұмтылуды тілеймін!» — деді, ҚР Мәдениет және Спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Ербол Мырзабосынов.
Бес күн қатарынан өтетін дүбірлі додада 14 -21 жас санаттары бойынша қатысушылар бақ сынайды.
Жарыс 25 тамызға дейін Ж. Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында жалғасады. Сондай-ақ, чемпионаттың ақтық белдесулері «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.



Біздің серіктес: Olimpbet қосымшасын пайдалан
Диана Юлдашева