2 күн бұрын
Қазақстандық 16 жастағы шахматшы Олимпиадада топ жарды
Chess.com шахмат порталы Самарқандта өткен Дүниежүзілік шахмат олимпиадасының қорытындысы бойынша 16 жастағы қазақстандық Эльназ Қалиахметтің өнерін ерекше атап өтті, деп хабарлайды Sport12.kz.
Қорытынды турда Қазақстан әйелдер құрамасы Польшамен 2:2 есебімен тең ойнап, күміс медаль жеңіп алды. Қазақстандықтар жеке-дара екінші орынға ие болып, Үндістан, АҚШ, Польша, Армения және Моңғолия құрамаларынан бір ұпай алға шықты.
Шешуші кездесуде Алуа Нұрман Александра Мальцевскаядан жеңіліп қалды. Ал Эльназ Қалиахмет Алиция Сливцкамен партияда жеңіске жетіп, командаға қажетті ұпайды әкелді.
«Қалиахмет күтпеген жерден бастаманы өз қолына алып, Алиция Сливцканы жеңді және есепті теңестірді. Эльназ әйелдер шахматындағы жаңа жұлдызға айналып келеді», — деп жазды Chess.com.
Калиахмет төртінші тақтада жеке есепте де алтын медаль жеңіп алды. Оның тоғыз партиядағы турнирлік перформансы 2486 ұпайды құрады.
Әйелдер арасындағы жарыста Қытай құрамасы жеңімпаз атанды. Үндістан құрамасы қосымша көрсеткіштер бойынша қола медаль иеленді.
Біздің серіктес: Sport12kz