3 сағат бұрын
Ахмет Ислам самбодан әлем чемпионы атанды
1-4 қазан аралығында Грекияның Салоники қаласында самбодан Әлем чемпионаты өтті. Оған 40-тан астам елден 700-ге жуық жас спортшы қатысты, деп хабарлайды Sport12.kz.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі хабарлағандай, дүбірлі додада қызылордалық Ахмет Ислам қарсылас шыдатпай, 49 килограмм салмақ дәрежесінде 1-орынды жеңіп алды.
Спортшыны чемпионатқа Абай Әбішев дайындады.
- Ахметтің үлкен жарыс жолына дейінгі жетістіктері бір төбе. Ол – самбо күресінен Қазақстан Республикасының екі дүркін, қазақ күресінен бір дүркін жеңімпазы. Самбодан Азия және әлем чемпионатында, қазақ күресінен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында топ жарды.
Сондай-ақ самбо күресінен кадеттер арасындағы әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ баласы, - деді бапкері.
Айта кетейік, белдесулерде ұлдар мен қыздар спорттық самбодан, сондай-ақ жасөспірімдер арасындағы жауынгерлік самбодан (Combat SAMBO) бақ сынасты. Барлығы 55 медаль жиынтығы сарапқа салынды.
Біздің серіктес: Sport12kz