21 сағат бұрын
Ресейлік Дикиджи Олимпиада чемпионы Шайдоровтың нәтижесін басып озды
Ресейлік мәнерлеп сырғанаушы Владислав Дикиджи Алматыда өткен Денис Тен мемориалында жоғары нәтиже көрсетіп, қазақстандық Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровтың көрсеткішінен озды, деп хабарлайды Sport12.kz.
Владислав Дикиджи екі бағдарламаның қорытындысы бойынша 312,79 ұпай жинап, мәнерлеп сырғанау тарихындағы ең жоғары жеке нәтижелер рейтингінде төртінші орынға көтерілді. Ал еркін бағдарламада 205,48 ұпай еншілеп, тарихи рейтингтегі алтыншы нәтижені тіркеді.
Екі бағдарламаның жиынтығы бойынша әлемдік рекорд америкалық Нэйтан Ченге тиесілі. Ол 2019 жылғы Гран-при финалында 335,30 ұпай жинаған. Екінші орында 2025 жылғы Skate Canada турнирінде 333,81 ұпай алған Илья Малинин тұр. Үздік үштікті 322,59 ұпаймен жапониялық Юдзуру Ханю түйіндейді.
Еркін бағдарламадағы ең жоғары көрсеткіш те Илья Малининге тиесілі. Ол 2025 жылғы Гран-при финалында 238,24 ұпай жинаған. Одан кейін Нэйтан Чен (224,92) мен Юдзуру Ханю (212,99) орналасқан.
Қазақстандық Михаил Шайдоров та еркін бағдарламадағы тарихи үздік он нәтижесінің қатарына кіреді. Ол 2026 жылы Миланда өткен Олимпиада ойындарында 198,64 ұпай жинап, бұл көрсеткіш бойынша сегізінші орынға тұрақтаған.
Біздің серіктес: Sport12kz