13 сағат бұрын
Астана үстел теннисінен ірі халықаралық турнирлерді қабылдайды
Қазақстан әлемдік спорт аренасындағы беделін нығайтып келеді. 2026 және 2027 жылдары Астана қаласы үстел теннисінен бірқатар ірі халықаралық турнирлерді қабылдайды.
Бұл жарыстар елде үстел теннисін дамытуға және халықаралық спорттық беделді арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстың жалғасы болып табылады. Айта кетейік, 2022 жылдан бері Алматыда WTT әлемдік сериясының кезеңдері тұрақты түрде өтіп келеді.
Негізгі жарыстардың бірі — 2026 жылы Астанада өтетін Star Contender сериясындағы халықаралық турнир. Бұл дода өткен жылы Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылған President’s Cup жобасының жалғасы болмақ. Оны Nomad Table Tennis Academy өткізген.
Сонымен қатар, келесі жылы елордада үстел теннисінен әлем чемпионаты және Champions сериясындағы турнирлер ұйымдастырылады. Барлық жарыстар Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтеді.
Халықаралық үстел теннисі федерациясының президенті Петра Сёрлинг Қазақстанның мұндай деңгейдегі жарыстарды өткізуге дайын екенін жоғары бағалады.
Nomad Table Tennis Academy директоры Руслан Жетібаев елде үстел теннисіне қызығушылық артып келе жатқанын атап өтті.
Бұл ірі турнирлер Қазақстанның спорттық имиджін нығайтып, жас спортшылардың дамуына және халықаралық қауымдастықтың назарын елге аударуға мүмкіндік береді.
Біздің серіктес: Olimpbet қосымшасын пайдалан