3 сағат бұрын
Заңғар Нұрланұлы “Ролан Гаррос” турнирінің 1/8 финалына шықты
Фото:ҚТФ
Қазақстандық теннисші Заңғар Нұрланұлы жасөспірімдер арасындағы “Ролан Гаррос” турнирінде сәтті өнер көрсетіп, жарыстың 1/8 финалына жолдама алды.
Отандасымыз екінші айналымда АҚШ елінің өкілі Агасси Рашермен кездесіп, айқын басымдықпен жеңіске жетті. Матч барысында Заңғар жоғары деңгейдегі ойын өрнегін көрсетіп, қарсыласына бастаманы қолға алуға мүмкіндік берген жоқ. Нәтижесінде екі сет қорытындысы бойынша есеп 6:2, 6:1 есебімен жерлесіміздің жеңісімен аяқталды.
Бұл жеңіс Заңғарға турнирдің 1/8 финалына шығуға мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта Заңғар жасөспірімдер арасындағы әлемдік рейтингтің алғашқы ондығына еніп, сегізінші орында тұр. Ал оның америкалық қарсыласы рейтингтің 94-сатысында орналасқан.
Енді жерлесіміз Пуэрто-Рико өкілі Янник Альварес немесе Бразилия теннисшісі Леонардо Шторк Франка арасындағы жеңімпазбен ойнайды.
Айта кетейік, Альварес рейтингте 12-орында болса, Франка 56-сатыға жайғасқан.
Заңғар бұл жарыста бірінші айналымда Ұлыбританияның өкілі Марк Себанды 6:3, 6:4 есебімен ұтқан.
Айта кетерлігі, биылғы “Ролан Гаррос” турнирінде басты фавориттердің бірі ретінде Бразилияның жас жұлдызы Луис Аугусто Кейрос Мигел қарастырылып отыр. Теннис әлемінде ол “Гуто” деген есімімен кеңінен танымал.
Заңғар Нұрланұлының қазіргі нәтижелері оның турнирдегі жүлдеге таласатын басты үміткерлердің бірі екенін тағы бір мәрте дәлелдеп отыр.
Біздің серіктес: Olimpbet қосымшасын пайдалан