3 күн бұрын
Новак Джокович теннистегі басты мәселені атады
Сербиялық теннисші, «Үлкен дулыға» турнирлерінің 24 дүркін чемпионы Новак Джокович теннистегі жарақаттардың көбеюі әлдеқайда терең мәселенің салдары екенін айтты, деп хабарлайды Sport12.kz.
«Статистикаға қарасақ, жарақат саны жыл сайын артып келеді. Меніңше, бұл мәселеге екі қырынан қарауымыз керек. Біріншісі – бүгінде спортымызда анық басымдыққа ие болған коммерциялық бағыт. Теннистің құнын арттыру мақсатында турнирлердің ұзақтығы көбейтіліп, олардың өткізілу мерзімі созылып, онсыз да тығыз жарыс күнтізбесіне жаңа турнирлер қосылып жатыр.
Мен қай жерде ойнайтынымды өзім таңдай алатын мүмкіндікке иемін, сондықтан көптеген ойыншылар сияқты жарыс кестесінің қысымын соншалықты сезінбеймін. Бірақ Карлос Алькарас пен басқа да көптеген теннисшілердің үйден тым ұзақ уақыт жырақта жүретіндеріне қатысты шағымдарын өте жақсы түсінемін. Бұл маған да ұнамайды.
Менің ойымша, тенниске ауқымды жаңару қажет. Қазіргі тур жүйесі дұрыс жұмыс істемейді. Көптеген мәселелер тасада қалып отыр, спортты басқаратын ұйымдардың арасында қайшылықтар тым көп, ал бірлік өте аз. «Үлкен дулыға» турнирлері әрқашан теннистің басты тірегі болып қала береді, бірақ турлар жарыс күнтізбесін, турнир форматтарын және қолданыстағы көптеген ережелерді қайта қарастыруы керек. Осы спортқа қатысы бар барлық тарап бір үстел басына жиналып, теннистің болашағы үшін не тиімді болатынын бірге талқылауы қажет», – деп келтіреді Джоковичтің сөзін Punto de Break.
Біздің серіктес: Olimpbet қосымшасын пайдалан
Қанат Байұзақов