2 күн бұрын
«Asu Open» турнирінің алғашқы аптасының жеңімпаздары анықталды
Фото: Қазақстан теннис федерациясы
Астанадағы Beeline Arena Ұлттық теннис орталығының корттарында World Tennis Tour M15/W15 санатындағы «Asu Open» халықаралық турнирінің алғашқы жарыс аптасы өз мәресіне жетті, леп хабарлайды Sport12.kz.
Әйелдер арасындағы жекелей сында Ресей өкілі Эдда Мамедова чемпион атанды. Финалда ол жерлесі Виктория Милованованы жеңіп, турнир жеңімпазы атанды.
Ерлер арасындағы M15 турнирінде бірінші нөмірлі спортшы Петр Бар Бирюков топ жарды. Финалда ол Григорий Щебекиннен басым түсті.
Қазақстандық теннисшілер де өз алаңындағы турнирде лайықты өнер көрсетті. Зангар Нұрланұлы, Дамир Жалғасбай және Ева Корышева жартылай финалға дейін жетті. Айта кетерлігі, Жалғасбай тек турнирдің болашақ чемпионы Петр Бар Бирюковқа, ал Корышева жарыстың болашақ жеңімпазы Эдда Мамедоваға есе жіберді.
Ерлер арасындағы жұптық сында Жапония өкілдері Sora Fukuda мен Shunsuke Mitsui чемпион атанды. Финалда олар қазақстандық жұп Даниал Рахматуллаев пен Дамир Жалғасбайды жеңді.
Әйелдер арасындағы жұптық жарыста да чемпиондық атақты жапониялық Yuka Hosoki мен Kisa Yoshioka жеңіп алды. Финалда олар қазақстандық Аружан Сағандықова мен ресейлік Дарья Зелинскаядан құралған жұптан басым түсті.
Еске салсақ, бұдан бұрын Кәсіби теннисшілер қауымдастығы (ATP) әлемдік рейтингтің жаңартылған нұсқасын жариялады.
Біздің серіктес: Sport12kz