6 сағат бұрын
Олимпиада чемпионы Томаш Махач Almaty Open ATP 250 турниріне қатысады
Фото: Қазақстан теннис федерациясы
Олимпиада чемпионы әрі үздік теннисшінің бірі - чехиялық Томаш Махач 17–25 қазан аралығында Алматыда өтетін ATP 250 санатындағы халықаралық Almaty Open турниріне қатысатынын растады, деп хабарлайды Sport12.kz.
Қазіргі таңда 25 жастағы чех теннисшісі ATP рейтингінде 58-орында тұр. Соңғы екі маусымда Томаш Махач әлемдік турдың жетекші ойыншыларының қатарына еніп, ATP деңгейінде үш титул жеңіп алды.
Оның мансабындағы ең үлкен жетістік – 2024 жылы Парижде өткен Олимпиада ойындарының алтын жүлдесі. Томаш Махач жерлесі Катерина Синяковамен бірге аралас жұптық сында (микст) Чехия құрамасына Олимпиада алтынын сыйлады.
Махачтың еншісінде жекелей сында екі ATP титулы бар: 2025 жылы Акапулькода өткен ATP 500 турнирі мен 2026 жылы Аделаидадағы ATP 250 жарысының жеңімпазы атанды. Сонымен қатар ол жұптық сында бір ATP титулын жеңіп алған. ATP турындағы табысты өнеріне дейін Томаш ATP Challenger сериясының алты турнирінде топ жарған.
Almaty Open ATP 250 дәстүрлі түрде әлемнің мықты теннисшілерін жинайтын беделді дода саналады және ATP Tour ресми күнтізбесіне енген. Турнир Қазақстандағы күз мезгілінің ең ірі халықаралық спорттық оқиғаларының бірі ретінде жыл сайын көптеген елдердің жанкүйерлерінің назарын аударады.
Турнир билеттері Ticketon.kz және Afisha.yandex.kz платформаларында сатылымда. Билет бағасы 3 500 теңгеден басталады.
Еске салсақ, Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакинаның Торонтода өтіп жатқан WTA 1000 турниріндегі алғашқы қарсыласы белгілі болды.
Біздің серіктес: Sport12kz