4 сағат бұрын
Астанада «BI Open» турнирі өтеді
Фото: Қазақстан теннис федерациясы
Қазақстан теннис федерациясы мен BI Group компаниясы серіктестіктің басталғанын жариялайды. Ортақ жобалардың алғашқысы – 28–30 тамыз аралығында Астанадағы «Beeline Arena» Ұлттық теннис орталығының корттарында өтетін «BI Open» әуесқойлар арасындағы теннис турнирі болмақ, деп хабарлайды Sport12.kz.
Жаңа турнир спортты дамытуға, теннисті және салауатты өмір салтын насихаттауға, сондай-ақ бизнес қауымдастығы өкілдерінің спорт арқылы өзара байланысын нығайтуға бағытталған. BI Group компаниясының «Жақсырақ болу бақыты» философиясын негізге алған жоба әуесқойлар мен ардагер теннисшілерді тұрақты түрде спортпен шұғылдануға ынталандырып, қатысушылардың ойын деңгейін арттыруды және оларды спортта да, өмірде де үздіксіз дамуға жігерлендіруді көздейді.
Жарыстар ерлер және әйелдер арасындағы жұптық сында өтеді. Ерлер арасында 32 жұп, әйелдер арасында 24 жұп бақ сынайды. Турнирге әуесқой теннисшілер қатыса алады. Сайыс екі кезеңнен тұрады. Алдымен қатысушылар айналмалы жүйе бойынша топтық кезеңде ойнайды. Одан кейін үздік жұптар негізгі плей-офф кезеңіне жолдама алса, қалғандары қосымша турнирде бақ сынайды.
Ерлер және әйелдер арасындағы жарыстарға арналған жалпы жүлде қоры шамамен 2 миллион теңгені құрайды. Сонымен қатар жүлдегерлер турнирдің бас демеушісі атынан кубоктармен және естелік сыйлықтармен марапатталады.
Турнирге өтінім қабылдау 25 тамызға дейін жалғасады. Қатысушылар саны шектеулі. Жеребе тарту рәсімі 27 тамызда өтеді, ал матчтар 28–30 тамыз аралығында «Beeline Arena» Ұлттық теннис орталығының ашық хард корттарында ұйымдастырылады.
«BI Open» турнирі Қазақстан теннис федерациясы мен BI Group арасындағы алғашқы бірлескен жобаға айналып, бұқаралық теннисті дамытуға және елімізде белсенді өмір салтын насихаттауға бағытталған ұзақ мерзімді серіктестіктің бастамасы болады. Алдағы уақытта турнирді тұрақты түрде өткізу, оның географиясын кезең-кезеңімен кеңейтіп, Қазақстанның өңірлерінде теннис турнирлерінің ауқымды желісін қалыптастыру жоспарланып отыр.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина бүгін Канададағы WTA 1000 турнирінің екінші айналымында аустралиялық Дарья Касаткинамен кездеседі.
Біздің серіктес: Sport12kz