4 сағат бұрын
Рыбакина Торонто турниріндегі жеңісінің ең қиын сәтін атады
Қазақстандық теннисші, әлемнің екінші ракеткасы Елена Рыбакина Торонто қаласында өтіп жатқан WTA 1000 турнирінің 1/8 финалында ресейлік Людмила Самсонованы жеңіп, ширек финалға шықты.
Кездесу үш сетке созылып, Рыбакинаның 6:4, 4:6, 6:4 есебімен жеңісімен аяқталды.
Матчтан кейін қазақстандық спортшы ойын барысында бірқатар қиындықтарға тап болғанын айтты. Әсіресе кездесудің басында өз добын ойынға енгізуде қиындық болған.
«Матчтың басында көңілім толмады. Беруім жүрмей, көп қателік жіберіп жатқанымды сезіндім. Бірінші сет өте қиын өтті. Екінші сетте мүмкіндіктерім болды, бірақ қайтадан есепті қуып ойнауға тура келді. Бұл оңай болған жоқ», – деді Рыбакина.
Теннисші үшінші сетте есеп 0:3 болған сәтте де берілмей, ойынды өзгерте алғанын ерекше атап өтті.
«Мен үшін ең маңыздысы – 0:3 есебімен ұтылып тұрып, жеңіске жете алғаным. Алғашқы екі геймде жолым болмады. Бірақ күресуді жалғастырсам, ойын барысын өзгерте алатынымды білдім. Солай болғанына қуаныштымын», – деді қазақстандық теннисші.
Енді Рыбакина турнирдің жартылай финалына берілетін жолдаманы сарапқа салады. Оның келесі қарсыласы — әлемдік рейтингте 13-орында тұрған жапониялық Наоми Осака.
Біздің серіктес: Sport12kz