3 күн бұрын
Рыбакина бірінші ракетка атануға қатысты ойын айтты
Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина әлемдік рейтингте бірінші орынға шығу басты мақсаты емес екенін айтты.
Қазіргі таңда WTA рейтингінде екінші орында тұрған Рыбакина көшбасшылық үшін Беларусь өкілі Арина Соболенкомен бәсекелесіп келеді. Алайда қазақстандық спортшы рейтингке аса мән бермейтінін жеткізді.
«Бірінші орын туралы ойлайсыз ба?» деген сұраққа Рыбакина:
— Жоқ, жігіттер, сіздер менен бұл туралы үнемі сұрайсыздар. Мен бұл жайлы тек сіздер сұрағанда ғана ойлаймын, — деп әзілмен жауап берді.
Теннисшінің айтуынша, ол әр матчқа жеке назар аударып, турнирлерде жеңіске жетуге тырысады.
— Мен қазіргі сәтпен өмір сүремін. Әр матчқа көңіл бөліп, жеңіске жетуге тырысамын. Рейтингке қарамаймын және оны бақыламаймын. Мен үшін ең маңыздысы — матчтан матчқа өтіп, титулдарды жеңіп алу, — деді Рыбакина берген сұхбатында.
Айта кетейік, бүгін таңертең Елена Рыбакина Торонто қаласында өтіп жатқан WTA 1000 турнирінің жартылай финалына шықты. Қазақстандық теннисші ширек финалда әлемнің 13-ракеткасы, жапониялық Наоми Осаканы үш сетте жеңді — 4:6, 7:6, 6:4.
Біздің серіктес: Sport12kz