5 сағат бұрын
Бублик Ресейге қайта оралуы туралы ақпаратқа жауап берді
Қазақстандық теннисші Александр Бублик Ресей теннис федерациясы оны қайтадан өз туы астында өнер көрсетуге шақырды деген ақпаратқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sport12.kz «Макарена» YouTube-арнасына сілтеме жасап.
Сұхбат барысында Бубликтен Ресей теннис федерациясының президенті Шамиль Тарпищевтің ол Қазақстан құрамасына ауысқаннан кейін Қазақстан теннис федерациясының басшысына «Бубликті қайтар» деп жазғаны рас па деген сұрақ қойылды.
— Бұл — әкемнің БАҚ-қа айтып берген әңгімесі. Кейін «Бубликті қайтар» деген сөз кең тарап, бәрі оны шын болған оқиға ретінде қабылдай бастады. Мүмкін, расымен солай болған шығар. Бірақ мен ол жерде болған жоқпын, сондықтан нақты білмеймін, — деді Бублик.
Теннисші Тарпищевтің өзімен жеке байланысқа шықпағанын да айтты.
— Шамиль Анваровичпен шамамен он жыл бойы кездеспедік. Оны алғаш рет былтыр Санкт-Петербургте өткен «Северная Пальмира» турнирінде көріп, сөйлестік, — деді қазақстандық спортшы.
Александр Бублик 2016 жылы ресми түрде Қазақстан атынан өнер көрсете бастады.
2026 жылдың қаңтарында ол Гонконгтағы ATP турнирінде жеңіске жетіп, қазақстандық ерлер теннисі тарихында алғаш рет әлемдік рейтингтің үздік ондығына кірді.
Қазақстан атынан өнер көрсеткен уақыт ішінде Бублик жекелей сында тоғыз ATP титулын жеңіп алды. Сондай-ақ ол 2025 жылы «Ролан Гаррос» турнирінің жекелей сынында ширек финалға жеткен алғашқы қазақстандық теннисші атанды. 2021 жылы осы жарыстың жұптық бәсекесінде финалға дейін жетіп, 2018 жылғы Азия ойындарында күміс жүлде иеленді.
Біздің серіктес: Sport12kz