3 күн бұрын

Жүрудің өзі ауыр — Елена Рыбакина күтпеген мәлімдеме жасады

Жүрудің өзі ауыр — Елена Рыбакина күтпеген мәлімдеме жасады

Қазақстанның бірінші, әлемнің екінші ракеткасы Елена Рыбакина Цинциннатиде өтіп жатқан WTA 1000 турнирінің ширек финалында Ига Швёнтекке қарсы матчты жарақатына байланысты аяқтай алмады.

Матчтың басында-ақ польшалық теннисші есепте алға шықты. Бірінші сетте есеп 4:1 болған сәтте Рыбакина тор маңындағы допқа ұмтылып, сол жақ тобығын жарақаттап алды. Қазақстандық спортшы біраз уақыт медициналық көмек алғанымен, ойынды тоқтатуға мәжбүр болды.

Ойыннан кейін Елена Рыбакина тобығындағы ауырсыну бұған дейін де мазалағанын айтты.

«Қазір өзімді жақсы сезініп тұрған жоқпын. Доп беру кезінде аяғыммен дұрыс созыла алмадым. Жүрудің өзі ауыр. Ертең МРТ жасатқаннан кейін жарақаттың қаншалықты ауыр екенін нақты білетін боламыз», – деді Рыбакина.

Теннисшінің сөзінше, соңғы жарыстардағы тығыз ойын кестесі де жарақаттың асқынуына әсер еткен.

«Бұл мәселе мені біраз уақыттан бері мазалап жүрді. Бұған дейін бәрі бақылауда болатын. Бірақ Канададағы көптеген матчтар мен мұндағы екі күн қатарынан ойнаған кездесулерден кейін ауырсыну күшейді. Бүгінгі матч алдында бәрі қалыпты еді. Өкінішке қарай, бір ғана сәтсіз қозғалыс пен қону жағдайды ушықтырды», – деп түсіндірді қазақстандық теннисші.

Осылайша, Ига Швёнтек жартылай финалға өтті. Польша елінің өкілі келесі кезеңде америкалық Джессика Пегуламен өзара мықтыны анықтайды.

Ал Елена Рыбакина үшін Цинциннати турнирі әлемдік рейтингте бірінші орынға шығуға маңызды жарыс еді. Алайда жарақат бұл жоспарды кейінге шегерді. Енді қазақстандық теннисшінің алдағы US Open турниріне қатысуы медициналық нәтижесіне байланысты болмақ.


Біздің серіктес: Sport12kz