2 күн бұрын
Елена Рыбакинаға US Open-2026 турниріне қатыспауға кеңес берді
Қазақстандық теннисші Елена Рыбакинаға US Open-2026 турниріне қатыспауға кеңес берілді. Мұндай пікірді Ресейдің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Виктор Янчук айтты.
Жаттықтырушының сөзінше, Елена Рыбакина қазір жарақатынан толық жазылмаған. Сондықтан теннисші АҚШ-тағы «Үлкен дулыға» турнирінде ойнауға асықпай, денсаулығына мән бергені дұрыс.
«Тәуекелге барудың қажеті жоқ. Ең алдымен денсаулық пен алдағы жарыстарды ойлау керек. Бірнеше айдан кейін өтетін Қорытынды турнирге дайындалып, толық қалпына келген дұрыс», – деді Янчук Championat.com сайтына.
Елена Рыбакина жақында Цинциннати турнирінің ширек финалында Ига Швентекпен кездескен. Алайда Елена Рыбакина бірінші сетте есеп 1:4 болған кезде сол жақ тобығындағы ауырсынуға байланысты ойынды жалғастыра алмады.
Осы жарақатына байланысты қазақстандық теннисші US Open-нің аралас жұптық жарысына қатысудан бас тартты. Ол бұл бәсекеде америкалық Тейлор Фритцпен жұп құруы керек болған.
Елена Рыбакина қазірдің өзінде Нью-Йоркке барған. Дегенмен оның US Open-нің жекелей сынында ойнайтыны әзірге белгісіз.
US Open-2026 30 тамыз бен 13 қыркүйек аралығында Нью-Йоркте өтеді.
Біздің серіктес: Sport12kz