7 сағат бұрын
Соболенкоға US Open финалынан кейін қомақты айыппұл салынуы мүмкін
Беларусь теннисшісі Арина Соболенко US Open-2026 финалында Қазақстан өкілі Елена Рыбакинадан жеңілгеннен кейінгі әрекеті үшін айыппұл алуы мүмкін, деп хабарлайды Sport12.kz .
Шешуші матчта Рыбакина Соболенконы 6:4, 5:7, 6:2 есебімен жеңіп, мансабындағы үшінші «Үлкен дулыға» титулына ие болды. Соболенко финалға шыққаны үшін 2,8 миллион доллар алса, Рыбакинаның жүлдесі рекордтық 5,5 миллион долларды құрады.
Матч аяқталғаннан кейін Соболенко өз орындығының жанында ракеткасын сындырып, кейін оның эмоциясын түсіріп тұрған операторға балағат сөз айтқан. Бұл әрекеттердің екеуі де «Үлкен дулыға» турнирлерінің ережесін бұзу ретінде бағалануы мүмкін.
Ракетканы сындырғаны үшін ең жоғары айыппұл мөлшері 50 мың долларды құрайды. Алайда Yahoo мәліметінше, іс жүзінде салынатын айыппұл әдетте бұдан әлдеқайда аз болып, оқиғаның мән-жайына қарай белгіленеді.
Ал балағат сөз айтқаны үшін бөлек жаза қолданылуы мүмкін. Мұндай жағдайларда айыппұл көлемі әдетте 3-5 мың доллар аралығында болады.
Әзірге US Open ұйымдастырушылары Соболенкоға қатысты ресми шешім шығарған жоқ.
Айта кетейік, бұл Соболенконың ракетка сындырған алғашқы жағдайы емес. Ол бұған дейін 2025 жылғы Australian Open финалынан кейін және 2023 жылғы US Open финалынан соң киім ауыстыратын бөлмеде ракеткасын сындырған. Сондықтан қайталанған тәртіп бұзушылық жаза мөлшеріне әсер етуі мүмкін.
Еске салайық, US Open қорытындысы бойынша Арина Соболенко WTA рейтингіндегі бірінші орнынан айырылды. Жаңа әлемнің бірінші ракеткасы атанған Елена Рыбакина бұл жетістікке мансабында алғаш рет қол жеткізді.
Біздің серіктес: Sport12kz