4 сағат бұрын
Жүлде қоры 300 мың доллар: Астанада үстел теннисінен халықаралық турнир өтеді
15–20 қыркүйек аралығында Астанада алғаш рет WTT Star Contender Astana 2026 – President’s Cup халықаралық турнирі өтеді.
Қазақстан Республикасы Президентінің дәстүрлі ашық кубогы аясындағы бәсекеге әлемнің 18 елінен 160 спортшы қатысады. Турнир Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында ұйымдастырылады.
Астанаға әлемдік үстел теннисінің танымал өкілдері келеді. Олардың қатарында Қытай спортшысы Ван Иди, француз Алексис Лебрен, Германия өкілдері Данг Цю мен Дмитрий Овчаров, словениялық Дарко Йоргич, сондай-ақ жапониялық Сацуки Одо мен Миу Хирано бар.
Қазақстан намысын «Nomad Table Tennis Academy» клубының атынан 2015 жылғы әлем чемпионатының жекелей сынында күміс жүлде иеленген Фанг Бо қорғайды.
WTT Star Contender Astana 2026 – President’s Cup World Table Tennis ұйымының ресми күнтізбесіне енген. Турнирді ITTF қамқорлығындағы World Table Tennis ұйымдастырса, Қазақстандағы жарысты өткізу жұмыстарын «Nomad Table Tennis Academy» атқарады.
Спортшылар бес бағдарлама бойынша бақ сынайды:
• ерлер арасындағы жекелей сын;
• әйелдер арасындағы жекелей сын;
• ерлер арасындағы жұптық сын;
• әйелдер арасындағы жұптық сын;
• аралас жұптық сын.
Турнирдің жалпы жүлде қоры 300 мың АҚШ долларын құрайды.
Айта кетейік, WTT Star Contender санатындағы жарысқа әлемнің үздік спортшылары қатысады. Астанадағы бәсеке Қазақстанда үстел теннисі бойынша халықаралық деңгейдегі ірі турнирлерінің бірін өткізуге мүмкіндік береді.
Біздің серіктес: Sport12kz