1 күн бұрын
Теннистен Қазақстан құрамасы жұптық сында Таиландтан жеңілді
Қазақстан теннисшілері Дэвис кубогының Екінші әлемдік тобы аясындағы Таиландқа қарсы матчта жұптық сайыста есе жіберді.
Қазақстан сапынан Денис Евсеев пен Бейбіт Жұқаев кортқа шықты. Олар Пручья Исаро мен Максимус Джонс жұбына қарсы ойнады.
Үш сетке созылған тартысты бәсекеде тайландтық теннисшілер 6:4, 3:6, 7:6 есебімен жеңіске жетті. Үшінші сеттегі тағдыр тай-брейкте шешілді.
Осылайша, жұптық кездесуден кейін Қазақстан 2:1 есебімен алда келеді. Матч жеңімпазы қалған жекелей кездесулерден кейін анықталады.
Алғашқы ойын күнінде Александр Шевченко Максимус Джонсты, ал Тимофей Скатов Касидит Самрейді жеңген еді.
Қазақстан – Таиланд матчының жеңімпазы Дэвис кубогының Бірінші әлемдік тобының плей-офф кезеңіне жолдама алады.
Біздің серіктес: Sport12kz