2 күн бұрын
Төрт дүркін «Үлкен дулыға» чемпионы жарыстан шет қалды
Төрт дүркін «Үлкен дулыға» чемпионы Наоми Осака Уханьда өтетін WTA 1000 санатындағы турнирге қатыспайды, деп хабарлайды Sport12.kz.
Жапониялық теннисші Бейжіңдегі жарыстың 1/8 финалында чехиялық Каролина Муховаға 5:7, 6:1, 6:7 есебімен есе жіберді. Осы кездесуден кейін Осака әлеуметтік желідегі парақшасында келесі турнирін Токиода өткізуді жоспарлап отырғанын жазды.
Теннисші Бейжіңдегі матчтың өзі үшін маңызды болғанын атап өтті. Сондай-ақ ол Ахилл сіңіріне қатысты мәселелердің Бад-Хомбургтегі турнирден бері алғаш рет мазаламағанын айтты.
Осака жанкүйерлерін алаңдамауға шақырып, жақын уақытта отбасына оралып, қызымен бірге уақыт өткізетінін жеткізді. Сонымен қатар Токиода қайтадан жақсы нәтиже көрсетуге мүмкіндік бар екенін атап өтті.
Уханьдағы WTA 1000 турнирі 12-18 қазан аралығында өтеді. Бұған дейін Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина да жарақатына байланысты жарыстан бас тартқан болатын.
Біздің серіктес: Sport12kz