2 күн бұрын
World Tennis президенті Қазақстанның мемлекеттік наградасымен марапатталды
World Tennis президенті Дэвид Хаггертиге II дәрежелі «Достық» ордені табысталды. Мемлекеттік награданы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов тапсырды.
Марапаттау рәсімі Алматыда өтіп жатқан World Tennis Бас ассамблеясы аясында ұйымдастырылды. Хаггерти халықаралық спорттық ынтымақтастықты дамытуға, елдер арасындағы достық байланыстарды нығайтуға және әлемдік теннистің өркендеуіне қосқан үлесі үшін марапатқа ие болды.
Салтанатты жиында Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды Мемлекет басшысының форум қатысушыларына жолдаған құттықтауын оқып берді.
Қазақстан теннис федерациясының президенті әрі World Tennis вице-президенті Болат Өтемұратов та марапаттау рәсіміне қатысты. Ол Дэвид Хаггертиге қазақ халқының құрметі мен қонақжайлығының белгісі ретінде шапан жапты.
Дэвид Хаггерти 2015 жылдан бері World Tennis ұйымын басқарып келеді. Бұған дейін АҚШ теннис қауымдастығының президенті қызметін атқарған. 2020 жылы Халықаралық Олимпиада комитетінің мүшесі болды.
Айта кетейік, 10–13 қазан аралығында Алматыда өтіп жатқан World Tennis Бас ассамблеясына 137 елден 262-ден астам делегат қатысып жатыр. Форумда әлемдік теннисті дамыту, балалар мен жасөспірімдер спортын қолдау, спорт инфрақұрылымын жетілдіру және ұлттық федерациялар арасындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқылануда.
Біздің серіктес: Sport12kz