20 сағат бұрын
Қазақстан құрамасы үстел теннисінен Азия чемпионатын бастады
Өзбекстанның Ташкент қаласында үстел теннисінен Азия чемпионаты басталды, деп хабарлайды Sport12.kz.
Қазақстанның ерлер және әйелдер құрамалары командалық турнирдегі алғашқы кездесулерін өткізіп, ширек финалға шығу үшін күресті жалғастырып жатыр.
Ерлер құрамасы топтық кезеңде екі жеңіске жетті. Алғашқы матчта қазақстандықтар Филиппин құрамасын 3:0 есебімен жеңсе, екінші кездесуде Шри-Ланкадан 3:1 есебімен басым түсті. Осы нәтижелердің арқасында Қазақстан құрамасы бірінші топта көш бастады.
Енді ширек финалға шығу үшін қазақстандық теннисшілер плей-офф кезеңінде тағы екі жеңіске жетуі керек.
Әйелдер құрамасы жарысты Мальдив аралдары командасын 3:0 есебімен жеңуден бастады. Алайда екінші кездесуде Иран құрамасына 2:3 есебімен есе жіберді. Нәтижесінде Қазақстан командасы үшінші топта екінші орын алды. Үздік сегіздікке ену үшін әйелдер құрамасы плей-офф кезеңінде қатарынан үш кездесуде жеңіске жетуі қажет.
Айта кетейік, Азияның ерлер және әйелдер арасындағы ең үздік алты құрамасы ширек финалға тікелей жолдама алды. Қалған командалар плей-офф кезеңінде ширек финалға берілетін екі бос орын үшін таласады.
Біздің серіктес: Sport12kz