15 сағат бұрын
Қытайда 2026 жылғы жағажайдағы Азия ойындары басталды
Фото: Қазақстан ҰОК
Қытайдың Санья қаласында 2026 жылғы VI жағажайдағы Азия ойындарының ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды Sport12.kz.
Бұл көпсалалы дода соңғы рет Вьетнамның Дананг қаласында өткеннен кейін араға он жыл салып, Азия Олимпиадалық кеңесі күнтізбесіне қайта оралды.
Ашылу рәсімі Tianya Haijiao жағалау аймағында ұйымдастырылды. Шоудың форматы дәстүрлі стадиондық үлгіден өзгеше болды. Негізгі көріністер тікелей теңіз жағасында өтті. Ал көрермен сахнаға өте жақын орналасты.
Спортшылар шеруінде Қазақстан құрамасының Ту ұстаушылары су добының ойыншысы Мұрат Шәкенов пен Диана Ержанова (акватлон) болды. Жалпы, еліміз Саньяда тоғыз спорт түрі бойынша сынға түседі.
Ашылу салтанатының тұжырымдамасы өмір қуаты, ашықтық, теңіз бен аспанның тоғысуы идеяларына негізделді. Көркемдік әрі сахналық шешімдер арқылы ұйымдастырушылар Хайнань аралын табиғатқа бай өңір ретінде таныстырып, спорт арқылы Азия елдерінің бірлігін айқындады.
Шоудың көрнекі бөлігінде заманауи технологиялар Қытайдың мәдени элементтерімен үйлесім тапты. Қойылым барысында сценарийге енгізілген роботтандырылған элементтер, түрлі арнайы эффектілер және адам мен табиғат үйлесімін бейнелейтін теңіз жануарлары пішініндегі ірі көркем инсталляциялар қолданылды. Салтанат соңында 2026 жылғы жағажай Азия ойындарының алауы салтанатты түрде жағылды.
Айта кетейік, жағажай Азиадасы 22-30 сәуір аралығында өтеді. Оған шамамен 1790 спортшы қатысады. Жарыстар Санья шығанағының бойындағы сегіз аймақта, осы аттас өзенде және қаланың спорт орталығында ұйымдастырылады. Негізгі назар бұрыннан бар нысандарды тиімді пайдалану мен жаңғыртуға аударылған. Қытай бұл ойындарды тарихында екінші рет қабылдап отыр: бұған дейін көпсалалы дода 2012 жылы Хайян қаласында өткен.
Сурет: Никита Басов, Қазақстан ҰОК баспасөз қызметі
Біздің серіктес: Olimpbet қосымшасын пайдалан