16 сағат бұрын
2026 жылғы Азия ойындарының медальдары таныстырылды
Жапонияда өтетін 2026 жылғы Азия ойындарының жүлдегерлеріне табысталатын медальдар көпшілікке таныстырылды.
Аичи мен Нагояда өтетін XX жазғы Азия ойындарының медальдары «Imagine One Asia» («Біртұтас Азияны елестет») ұранымен сабақтас. Жүлденің сыртқы бейнесінен Азияның тарихы мен спорттың құрлық елдерін жақындастыратын құндылығы көрініс тапқан.
Медальдың дизайнын жапониялық дизайнер, креативті директор Дайсукэ Сиба әзірлеген. Ол жүлденің пішінін ойластырғанда сынған керамикалық дискілердің бөлшектеріне назар аударған. Дизайнердің ойынша, олардың әр бөлігі спортшының жеңіске жеткенше басынан өткеретін сынақтары мен маңдай терін білдіреді.
Жүлделердің жасалуына да әртүрлі материал пайдаланылады. Алтын медаль күмістен жасалып, үсті алтынмен қапталады. Күміс жүлде таза күмістен құйылса, қола медаль мыс пен мырыштың қоспасынан дайындалады.
Ал медаль тағылатын таспаға Аичи префектурасының ресми гүлі саналатын какицубата бейнесі енгізілген.
Аичи-Нагоя-2026 Азия ойындары 2026 жылы Жапонияда өтеді. Байрақты додаға Азия құрлығынан мыңдаған спортшы қатысады.
Біздің серіктес: Sport12kz