14 сағат бұрын
Қазақстандық каратэші Азия ойындарында күміс жүлде жеңіп алды
Қазақстандық каратэші Асель Канай Жапонияның Аичи–Нагоя қаласында өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарында күміс медаль иеленді.
Каратэден кумитэ бағдарламасының 61 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Асель Канай финалда Қытай спортшысы Гун Лиге есе жіберді.
Гун Ли — Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, 2023 жылғы әлем чемпионы, 2025 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Ол Ханчжоудағы Азия ойындарында және 2025 жылғы Дүниежүзілік ойындарда да топ жарған.
Асель Канай финалға дейін сәтті өнер көрсетті. Ширек финалда моңғолиялық Маралжинго Пуревжавты 9:1 есебімен жеңсе, жартылай финалда Камбоджа өкілі Ван Чакриядан 3:0 есебімен басым түсті.
Бұл — Асель Канайдың Азия ойындарындағы ең үздік нәтижесі. Ханчжоуда өткен алдыңғы Азиадада ол қола медаль жеңіп алған еді.
Асель Канай — Азия чемпионатының екі дүркін жеңімпазы.
Осылайша, Қазақстан құрамасының каратэден Аичи–Нагоя Азия ойындарындағы медальдар саны артты. Бұған дейін Жоламан Биіғабыл мен Софья Берульцева чемпион атанған.
Біздің серіктес: Sport12kz