4 сағат бұрын
Азиаданың үшінші күнінің қорытындысы қандай?
Фото: Қазақстан ҰОК
22 қыркүйекте Аичи және Нагояда (Жапония) өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарында жарыстың үшінші күні аяқталды, деп хабарлайды Sport12.kz.
Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің хабарлауынша, ел құрамасының жүлде қоржыны бірден төрт медальмен толықты: екі алтын және екі қола.
Бұл күннің басты кейіпкерлері аралас жекпе-жек шеберлері болды. Еркінғали Бүркіталин 77 келіге дейінгі салмақта (traditional) жарыстың жеңімпазы атанды. Финалда қазақстандық спортшы Бахрейн өкілі Мухаммад Набиевті 3:0 есебімен жеңіп, Қазақстан құрамасына Азия ойындарындағы бесінші алтынды әкелді.
Одан кейін Азиада чемпионы атанған тағы бір спортшымыз — Қадырбек Шынбаев. 71 келіге дейінгі салмақтың (modern) финалында ол Тәжікстан өкілі Бехруз Хуршедзодамен кездесіп, 3:0 есебімен жеңіске жетті. Осылайша, Қазақстанның ММА жарысындағы қоржыны екі алтын және бір қола медальмен толықты. Бір күн бұрын үшінші орынды Санжар Әділов иеленген еді.
22 қыркүйекте Қазақстан қоржынына тағы екі жүлдені каратэшілер салды. Бэлла Самашева 55 келіге дейінгі салмақта қола жүлдегер атанды. Ширек финалда ол Қытай Тайбэйінің өкілі Ку Цуйпинді жеңді. Жартылай финалда малайзиялық Адеола Фэй Роберттен жеңіліп қалған Самашева үшінші орын үшін өткен кездесуде Өзбекстан өкілі Севинч Рахимовадан басым түсті.
Үшінші орынға Нұрқанат Әжіқанов та көтерілді. 75 келіге дейінгі салмақта қазақстандық спортшы ширек финалда ирандық Мортеза Нематиге есе жібергенімен, жүлде үшін күресті жалғастыруға мүмкіндік алды. Қола медаль үшін өткен кездесуде Әжіқанов Филиппин өкілі Алвин Батиканнан басым түсті.
Семсерлесуден Қазақстанның екі өкілі де әйелдер арасындағы жекелей сайыстың ширек финалына дейін жетті. Ирина Бакалдина 1/8 финалда Иордания спортшысы Дина Мансиді 15:7 есебімен жеңсе, Владислава Андреева Оңтүстік Корея өкілі Лим Тэхиден 15:13 есебімен басым түсті. Ширек финалда қазақстандық семсерлесушілердің екеуі де жарысты аяқтады. Ерлер арасындағы рапира сайысында Ғалым Нұрымов пен Тимофей Семенов 1/8 финалға дейін жетіп, жүлде үшін күресін тоқтатты.
Жүзуден Ксения Игнатова кезекті рет шешуші кезеңге жолдама алды. 200 метрге шалқалай жүзуден іріктеу кезеңінде ол 2:14.29 нәтиже көрсетіп, жетінші орынмен финалға өтті. Медаль үшін таласта Игнатова уақытын 2:12.86-ға дейін жақсартып, алтыншы орынға ие болды.
Қазақстанның ерлер құрамасы 4×100 метрге кешенді жүзуден эстафетада жүлдеге бір табан жақын қалды. Іріктеу кезеңінде команда 3:38.65 уақыт нәтижесімен үшінші орын алды. Финалда қазақстандықтар қашықтықты 3:36.00 уақытта жүзіп өтіп, төртінші сатыға жайғасты. Алтынды Қытай құрамасы жеңіп алса, екінші орынды жапониялықтар, үшінші орынды Оңтүстік Корея өкілдері иеленді.
Қазақстанның әйелдер құрамасы спорттық гимнастикадан Азиададағы өнерін аяқтады. Командалық іріктеу кезеңінде спортшылар 130,796 ұпай жинап, тоғызыншы орынға тұрақтады. Амели Мукушева жекелей көпсайыста 18-орын алды. Жекелей снарядтардағы үздік нәтижені Дарья Ясинская көрсетті. Ол қол тіреп секіруден іріктеу кезеңінде оныншы орынға ие болды. Қазақстандық гимнастардың ешқайсысы жекелей снарядтар бойынша финалға шыға алмады.
Тасжолдағы топтық жарыста бұған дейін жекелей уақытқа жарыста жеңіске жеткен Рината Сұлтанова мәреге сегізінші болып келді. Елизавета Склярова 15-орын, Виолета Казакова 23-орын алды.
Нысана көздеуден Александра Ле мен Ислам Сәтпаев 10 метр қашықтықтан пневматикалық мылтықпен атудан аралас жұптар арасындағы сайысқа қатысты. Қазақстандық жұп іріктеу кезеңінде 629,1 ұпай жинап, алтыншы орынға ие болды. Финалға үздік төрт команда өтті.
Үстел теннисінен Қазақстанның әйелдер құрамасы командалық жарыстағы өнерін аяқтады. Ширек финалға шығу жолындағы кездесуде қазақстандықтар Өзбекстан құрамасына 2:3 есебімен жол берді. Ал ерлер құрамасы, керісінше, жарысты жалғастырды. Қазақстан топтық кезеңде үш рет жеңіске жетіп, плей-оффқа шықты. Одан кейін Бахрейн құрамасын жеңіп, ширек финалға жолдама алды.
Жағажай волейболынан Қазақстан өкілдері Сергей Богату мен Кирилл Гурин кезекті кездесуін сәтті өткізді. Е тобының екінші матчында олар Оңтүстік Кореяның Пэ Ин Хо / Ё Мин Су жұбын 2:0 (21:10, 21:10) есебімен жеңді.
Қазақстанның әйелдер құрамасы су добынан турнирдегі екінші жеңісіне қол жеткізді. Таиландқа қарсы кездесудің негізгі уақыты 10:10 есебімен аяқталды. Одан кейін қазақстандықтар пенальти сериясында 4:3 есебімен жеңіске жетті. Кездесудің жалпы есебі — 14:13.
Жарыстың үш күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасының еншісінде 12 медаль бар: алты алтын, бір күміс және бес қола. ММА-дан екі жеңістен кейін ұлттық құрама медальдар кестесінде үшінші орынға көтерілді.
Біздің серіктес: Sport12kz