3 сағат бұрын
Бес қола медаль: Азиада-2026 ойындарының алтыншы жарыс күнінің басты қорытындысы
Фото: Қазақстан ҰОК
25 қыркүйекте Аичи және Нагояда (Жапония) өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарының алтыншы жарыс күні аяқталды. Қазақстан құрамасы бес қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Sport12.kz.
Қазақстан қоржынына жүлденің бірін Алина Чистякова салды. Жеңіл атлетикадан жетісайыста бақ сынаған қазақстандық спортшы барлық кезеңнің қорытындысы бойынша 5568 ұпай жинап, үшінші орынға ие болды. Жапониялық Юри Танака жеңіске жетсе, оның отандасы Нанака Кадзики күміс жүлдегер атанды.
Жеңіл атлетикадан тағы бір қола медальді Полина Иванова жеңіп алды. Сырықпен секіруден өткен финалда Қазақстан өкілі 4,15 метр биіктікті бағындырып, Үндістан спортшысы Бараника Элангованмен бірге үшінші орынды бөлісті. Анна Черкашина 4,00 метр нәтижесімен жетінші орын алды.
Нысана көздеуден Ислам Сәтпаев жүлдеге қол жеткізді. Қазақстандық спортшы 50 метр қашықтықтан мылтықпен үш қалыпта ату сайысының финалына өтіп, 348,3 ұпай жинап, үшінші орын алды. Іріктеу кезеңінде Сәтпаев 584 ұпай еншіледі. Константин Малиновский мен Никита Шахторин іріктеуді тиісінше 13-ші және 20-шы орындарда аяқтады. Ал командалық есепте Қазақстан бесінші орынға жайғасты.
Қазақстан әйелдер құрамасы семсерлесуден қола медаль жеңіп алды. Шпага бәсекесінің ширек финалында София Николайчук, Ирина Бакалдина, Дарья Самоделкина және Владислава Андреева Гонконг құрамасын 45:35 есебімен жеңді. Жартылай финалда Қазақстан Қытай құрамасына 21:45 есебімен жол беріп, командалық жарысты үшінші орынмен аяқтады.
Тағы бір жүлде байдарка мен каноэде есуден бұйырды. Ольга Шмелева, Стелла Суханова, Татьяна Токарницкая және Эвелина Костенко 500 метр қашықтықтағы төрт орындық байдарка жарысында үшінші орын алды. Қазақстандық экипаж 1:37.005 уақыт нәтижесін көрсетті. Қытай жеңіске жетсе, Өзбекстан екінші орын алды.
Тағы екі қазақстандық экипаж жүлдеге бір табан жақын қалды. Бекарыс Раматулла мен Дмитрий Холмогоров байдаркамен 500 метрге жұптық жарыста 1:35.365 нәтижесімен төртінші орын алды. Мария Бровкова мен Ульяна Киселева да каноэмен 500 метрге жұптық жарыста 1:58.689 нәтижесімен төртінші орынға тұрақтады.
Спорттық гимнастикадан Милад Карими Азиададағы екінші медаліне бір қадам жетпей қалды. Кермедегі жаттығудың финалында қазақстандық гимнаст 13,666 ұпай жинап, төртінші орын алды. Бір күн бұрын Карими еркін жаттығудан күміс медаль жеңіп алған еді.
Денис Сергиенко маунтинбайктан ерлер арасындағы кросс-кантриде үздік бестікке енді. Қазақстандық спортшы 1:26:25 уақыт нәтижесімен бесінші болып мәреге жетті. Евгений Федоров 13-ші орын алды. Ауыр атлетикадан Екатерина Алякина 57 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетіп, бесінші орынға ие болды. Екі сайыстың қорытындысы бойынша қазақстандық спортшы 195 келі көтерді.
Жүзуден Софья Сподаренко 50 метрге баттерфляй әдісімен жүзуден финалға өтіп, 26,49 секунд нәтижесімен алтыншы орын алды. Айбат Мырзамұратов 50 метрге брасс әдісімен жүзуде оныншы болды.
Командалық спорт түрлерінен Мерей Қожахмет пен Лаура Қабылбекова жағажай волейболынан топтық кезеңді жеңіліссіз аяқтап, Филиппин өкілдерін 2:1 есебімен жеңді. Қазақстан әйелдер құрамасы көгалдағы хоккейден Бангладешпен 3:3 есебімен тең түсіп, турнирдегі алғашқы ұпайына қол жеткізді.
Бокстан Назым Қызайбай алғашқы жекпе-жегінде Қытай өкілі Чжао Сюаньға 1:4 есебімен есе жіберіп, жарысты аяқтады. Оразбек Асылқұлов та 1/8 финалда Оңтүстік Корея өкіліне 1:4 есебімен жол беріп, жарыстан шығып қалды.
Алты жарыс күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасының еншісінде 30 медаль бар: сегіз алтын, сегіз күміс және 14 қола. Жалпыкомандалық есепте Қазақстан төртінші орында тұр.
Біздің серіктес: Sport12kz