3 сағат бұрын
Әмір Маймұратов: негізгі әрдайым өзіңмен күресесің
Фото: Қазақстан ҰОК
Қазақстандық құзға өрмелеуші Әмір Маймұратов Аичи-Нагояда (Жапония) өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарында «жылдамдық» бойынша іріктеу кезеңінен сәтті өтті, деп хабарлайды Sport12.kz.
Жарыстан кейін спортшы төрт іріктеу кезеңінен тұратын жарыс жүйесіне қатысты пікір білдіріп, алдағы бәсекеге дайындығы туралы айтты.
"Негізі, мұндай жүйенің тиімді тұстары бар. Бір рет жақсы нәтиже көрсетіп, плей-оффқа жолдамаңды қамтамасыз етсең, кейін ештеңеге алаңдамай, бар күшіңді сала аласың.
Мысалы, бірінші кезеңде сүрініп қалдым, ал екінші кезеңде үздік 16 спортшының қатарына кіру үшін жай ғана өз мүмкіндігіме қарай жүгірдім. Үшінші кезеңде барымды салғым келген, бірақ тым жоғары қарқын алып, ол ойым жүзеге аспады. Төртінші кезеңде де бар күшімді салуға тырыстым. Бірақ саусақтарым дұрыс түспей, бұл жолы да ойымдағыдай нәтиже шықпады.
Бірақ Four Lane Speed жүйесінің жақсы жері - бірінші кезеңде жолың болмай қалса да, екіншісінде қажетті нәтижеге қол жеткізіп, үшінші және төртінші кезеңде уақытыңды жақсартуға тырыса аласың. Яғни, жарысты соңына дейін жалғастырып, келесі кезеңге өтуге мүмкіндік бар.
Бүгінгі өнеріме көңілім толады. Жалпы, алдыма қойған мақсатым келесі кезеңге өту болатын. Негізі, оған жету аса қиын болған жоқ. Құрамадағы екі спортшымыз да бұл міндетті орындады.
Негізгі жұмыс ертең болады. Қазір күшті сақтау керек. Бүгін жарыстан кейін жақсылап демалып, өзіңді артық қинамау маңызды.
Қарсыластарға келсек, олардың бәрімен жарыстарда кездесіп жүрміз. Сондықтан кімнің кім екенін жақсы білеміз. Кез келгенін жеңуге болады. Бұл жерде негізі өз-өзіңмен күресесің.
Бұл күрес көбіне психологиялық сипатта болады. Жарысқа қандай көңіл күймен келетінің, қорқынышыңды және қандай да бір қиындықтарды қалай жеңе алатының маңызды. Мұның бәрі нәтижеге әсер етеді. Негізгі жұмыс - өзіңмен күресу. Сондықтан ертеңгі күнге дайындаламыз. Барымызды саламыз", - деді Маймұратов.
Біздің серіктес: Sport12kz