9 сағат бұрын
Азиада-2026: Қазақстандық жүлдегерлерге қанша сыйақы төленеді?
Аичи-Нагояда өткен ХХ жазғы Азия ойындарында жүлде алған қазақстандық спортшылар мемлекет тарапынан ақшалай сыйақы алады.
Сыйақы мөлшері ҚР Туризм және спорт министрлігінің тиісті қаулысымен бекітілген. Қаражат АҚШ долларымен белгіленіп, төлем ұлттық валютамен Ұлттық банктің сол кезеңдегі бағамы бойынша жүзеге асырылады.
Қолданыстағы тәртіпке сәйкес, Азия ойындарында алтын медаль жеңіп алған спортшыға – 10 мың, күміс жүлдегерге – 5 мың, қола медаль иегеріне 3 мың АҚШ доллары беріледі.
Командалық жарыстарда да сыйақы әр спортшыға жеке есептеледі. Яғни футбол, волейбол немесе эстафета секілді командалық бәсекелерде медаль біреу ретінде тіркелгенімен, жүлде алған құрамның әр мүшесіне тиісті сыйақы толық көлемде төленеді.
Жүлдегер спортшылардың бапкерлеріне де ақшалай сыйақы қарастырылған. Алтын медаль иегерінің бас бапкері мен жеке жаттықтырушысына 5 мың доллардан, күміс жүлдегердің жаттықтырушысына 3 мың, қола медаль иегерінің бапкеріне 2 мың доллар беріледі.
Еске сала кетейік, Қазақстан құрамасы Аичи-Нагоядағы Азия ойындарын 84 медальмен аяқтады. Ұлттық құрама қоржынына 12 алтын, 24 күміс және 48 қола жүлде түсті. Қазақстан жалпыкомандалық есепте 8-орын алды.
Біздің серіктес: Sport12kz