10 сағат бұрын
Қазақстан ҰОК UWW Asia басшысымен кездесу өткізді
Фото: Қазақстан ҰОК
Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиадалық комитетінде UWW Asia президенті Мохаммад Зейяд Әл Авамлехпен кездесу өтті.
Бұл жөнінде Sport12.kz. мәлім етті.
Келіссөзге ҚР ҰОК бас хатшысы Әлімжан Ақаев, ұйымның бас директоры Нұрлан Нөгербек және Қазақстан күрес федерациясының вице-президенті Нұраддин Садықов қатысты.
Тараптар Азиядағы күрес спортын дамыту мәселелерін, қазіргі олимпиадалық цикл аясындағы халықаралық жарыстар күнтізбесін, сондай-ақ, 2028 жылы АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өтетін Олимпиада ойындарына іріктеу жүйесіндегі өзгерістерді талқылады.
Жаңа талаптарға сәйкес, Олимпиада жолдамалары енді іріктеу турнирлері арқылы ғана емес, UWW әлемдік рейтингі негізінде де үлестіріледі. Осыған байланысты спортшылардың рейтингтік жарыстарға тұрақты қатысуының маңызы арта түспек. Олимпиада квоталарын бөлу 2027 жылғы әлем чемпионатынан басталады.
Кездесу барысында биыл 1 қаңтардан бастап күшіне енген жаңа ережелер де қаралды. Осыған орай, төрешілерді даярлау және аттестаттау жүйесін жаңарту, сондай-ақ, ұлттық құрамалардың бапкерлер штабын жаңа техникалық және төрешілік талаптарға бейімдеу қажеттігі сөз болды. Бұл өзгерістер 2026 жылғы әлем чемпионаты мен Азия ойындары қарсаңындағы дайындық кезеңінде маңызды рөл атқарады.
Мохаммад Зейяд Әл Авамлех Қазақстанның күрес түрлерінен халықаралық жарыстарды ұйымдастырудағы мол тәжірибесіне жоғары баға беріп, 2019 жылы Астанада өткен әлем чемпионатының табысты ұйымдастырылғанын ерекше атап өтті. Сондай-ақ ол Ауғанстан жаттықтырушыларына арналған техникалық курстарды Астанада өткізуге қолдау көрсеткені үшін Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетіне алғыс білдірді. Сонымен қатар UWW Asia басшысы Азия елдерінің ұлттық құрамалары арасында бірлескен оқу-жаттығу жиындарын жиі өткізу қажеттігін айтты. Оның айтуынша, мұндай формат тәжірибе алмасуға және өңірдегі бәсекенің деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.
Кездесу соңында тараптар ортақ жобаларды жүзеге асыру және екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту бағытындағы жұмысты жалғастыруға дайын екендерін растады.
Біздің серіктес: Olimpbet қосымшасын пайдалан