3 сағат бұрын
Қазақстан күрестен әлем чемпионатын өткізу құқығынан айырыла жаздады
Астана 2026 жылғы күрес түрлерінен әлем чемпионатын өткізу орны болып ресми түрде бекітілді, деп хабарлайды Sport12.kz Қазақстан Республикасының грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының төрағасы Еркін Оқасовқа сілтеме жасап.
«2026 жылғы күрес түрлерінен әлем чемпионаты Астанада өтеді. Бұл – Қазақстан спорты үшін тарихи оқиға. Әлемдегі ең беделді турнирлердің бірін біздің елде өткізу туралы шешімді халықаралық United World Wrestling ұйымы барлық таныстырылым кезеңдері, талқылаулар және дауыс беру қорытындысы бойынша қабылдады.
Ең алдымен, барлық қазақстандықтарды, күрес жанкүйерлерін және спорт қауымдастығын осы үлкен жетістікпен шын жүректен құттықтаймын!
Әлем чемпионатын өткізу құқығын алу – халықаралық спорт қауымдастығының еліміздің беделі мен ұйымдастырушылық мүмкіндіктерін жоғары бағалағанын білдіреді. United World Wrestling өкілдері бірнеше рет арнайы Қазақстанға келіп, біздің спорттық инфрақұрылыммен, халықаралық жарыстарды өткізу тәжірибесімен және дайындық деңгейімен жан-жақты танысты. Барлық тексерулер мен кездесулердің қорытындысы бойынша әлем чемпионатын өткізу құқығы Қазақстанға берілді», – деп жазды Оқасов өзінің Инстаграм парақшасында.
Бастапқыда 2026 жылғы әлем біріншілігі 5–13 қыркүйек аралығында Бахрейнде өтуі жоспарланған еді, алайда Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты өткізу орны өзгертілді. Чемпионатты өткізуге Өзбекстан, Қазақстан және Қырғызстан өтінім берген болатын.
Айта кетейік, дауыс беру барысында Қазақстан 11 дауыс жинаса, Қырғызстан 10 дауысқа ие болды.
Біздің серіктес: Olimpbet қосымшасын пайдалан
Қанат Байұзақов