Сыйлық

Бүгінгі күннің бонустары

Olimpbet қосымшасын пайдалан Өту
Біз тіркелгенің үшін 70 000 бонус береміз Өту
Olimpbet Видеореп

2 сағат бұрын

Әлем чемпионы атанған соң несиелерім азайды – Айдос Сұлтанғали

Әлем чемпионы атанған соң несиелерім азайды – Айдос Сұлтанғали

ҚР ҰОК

Айдос Сұлтанғали соңғы жылдары қазақ күресіндегі жаңа серпілістің символына айналды.

Былтыр Загребте өткен әлем чемпионатында араға 26 жыл салып Қазақстанға тарихи алтын сыйлаған балуан биыл да бабында екенін дәлелдеп, Қазақстан кубогында топ жарды.

Айдостың айтуынша, ел кубогына дайындық Петропавлда өткен.

– Дайындық жақсы өтті. Петропавлдағы спорт интернатында жаттықтық. Сералы Құсайынов деген ағайымыз бар, сол кісілермен бірге жиырма күндей тыңғылықты дайындалдық. Сол жерден тікелей жарысқа келдік, – деді балуан.

Қазақстан кубогындағы күресіне өзі де көңілі толатынын жасырмады. Оның сөзінше, бұл жолы басты назар техникалық қателік жібермеуге аударылған.

– Өзімнің күресіме көңілім толды. Техникалық тұрғыда қателеспеуге тырыстым. Қалай жоспарласам, солай өтті. Шүкір, – дейді Айдос.

Ол қазір Қазақстандағы 60 келі салмақтағы бәсекенің айтарлықтай күшейгенін атап өтті.

– Қазір жас балалар көп шығып жатыр. Бұрыннан жүрген тәжірибелі жігіттер де бар. Бір-бірімізді жақсы танимыз. Көбімен бірнеше рет белдескенбіз. Жалпы Қазақстанда 60 келідегі бәсеке өте мықты. Соның арқасында халықаралық деңгейде де тәп-тәуір нәтиже көрсетіп жүрміз, – деді әлем чемпионы.

Соңғы жылдары қазақ күресі әлемдік аренада айтарлықтай алға жылжыды. Бұрын әлем чемпионатындағы алтын медаль қол жетпес арман секілді көрінетін. Ал қазір грек-рим мен еркін күресте тарихи нәтижелер тіркеліп жатыр. Айдос мұны кездейсоқтық емес, жүйелі жұмыстың жемісі деп санайды.

– Бұл бір адамның ғана жетістігі емес. Басқа балалар да жақсы күресіп жүр. Кейде жүлдеге сәл жетпей қалып жатады. Бірақ бәрібір нәтиже бар. Мұның бәрі – жаттығу процесінің дұрыстығы. Жалпы қазақ күресінің деңгейі өсті деп нақты айта аламын, – деді ол.

Айдос қазіргі федерация басшылығының жұмысына да оң бағасын берді. Оның айтуынша, соңғы кезде спортшыларға жасалып жатқан жағдай бұрынғыдан әлдеқайда жақсы.

– Қазір өзгеріс көп. Мысалы, Азия чемпионатында чемпион болған балаларға жақсы сыйақы беріп жатыр. Чемпиондарға 30 мың доллардан берді. Бұрын ондай болмаған. Қазақстандағы жарыстардың ұйымдастырылуы да өте жоғары деңгейде. Кей әлем чемпионаттарынан кем емес. Мұндай атмосферада өскен спортшыға халықаралық аренада күресу де жеңіл болады, – дейді ол.

Әлем чемпионы атанғаннан кейін Айдостың өмірі де айтарлықтай өзгерген.

– Әлем чемпионатынан кейін өмірім дұрыстала бастады. Ең алдымен несиелерім азайды. Бұрын пәтер жалдап жүретін кездер болды, қаржылай қиналған уақыттар да өтті. Қазір пәтер, көлік берілді, жағдай жақсарды. Несиелерім жабылды деуге де болады. Шүкір, – деді балуан.

Ол Олимпиададан кейінгі кезеңнің ауыр болғанын да жасырмады.

– Олимпиададан кейін көп нәрсе қысқарып кетті. Қаржылай да, басқа жағынан да қиындықтар болды. Бірақ оны өмірдің бір кезеңі ретінде қабылдадық. Кейін әлем чемпионатынан соң бәрі қайта орнына келе бастады, – дейді Айдос.

Сұхбат барысында ол Демеу Жадыраев Олимпиададағы жетістігінің ұлттық құрамаға үлкен мотивация бергенін айтты.

– Демеумен бірге күнде жаттығып жүрген адамбыз. Оның Олимпиада жүлдегері болғанын көргенде, «демек, бұл қолдан келетін нәрсе екен» деп түсінесің. Бұрын Олимпиада алыс арман сияқты көрінетін. Қазір еңбек етсең, бәріне жетуге болатынын сезіндік, – деді ол.

Айдос өзінің спорттық жолында бірнеше бапкердің еңбегі зор екенін ерекше атап өтті. Алғашқы жаттықтырушысы – Ғабиден Райымбек болса, кейін Петропавлдағы Сералы Құсайыновтың қол астында шыңдалған. Қазір Юрий Мельниченко және Әсет Иманбаевпен бірге жұмыс істеп жүр.

– Қай жеңіс болса да, бапкерлердің еңбегі көп. Әрқайсысының орны бөлек, – дейді балуан.

Осыдан бірер күн бұрын биылғы әлем чемпионаты Қазақстанда өтетіні туралы ресми жарияланды. Бұл жаңалықты спортшылар да ерекше қуанышпен қабылдап отыр.

– Қазақ халқы күресті өте жақсы көреді. 2019 жылғы әлем чемпионатын бәріміз көрдік. Аренадағы атмосфера ерекше болды. Егер әлем чемпионаты Қазақстанда өтсе, тағы да тарихи нәтиже көрсетуге мүмкіндік туады деп ойлаймын. Туған жерде, жерлестеріңнің алдында өнер көрсеткен бөлек сезім ғой, – деді Айдос.

Ал алдағы жарыстарға қатысты нақты шешім әлі қабылданбаған. Оның айтуынша, қазір бапкерлер штабымен ақылдасып, қай турнирге басымдық берілетіні анықталып жатыр.

– Азия ойындары да, әлем чемпионаты да маңызды. Әлем чемпионы болып тоқтап қалғымыз келмейді. Енді екі дүркін чемпион атансам деген мақсат бар. Одан қалды Азия ойындары да төрт жылда бір келетін айтулы аламан. Ол жақта да бақ сынап, үздік шықсақ дейміз. Кімнің қандай жарысқа қатысатынын бапкерлер шешеді, – деді Айдос Сұлтанғали.



Біздің серіктес: Olimpbet қосымшасын пайдалан