6 сағат бұрын
Әлем чемпионы атанған қазақстандық балуанға қомақты сыйақы беріледі
Астанада өтетін күрес түрлерінен әлем чемпионатында жүлдеге ие болған қазақстандық балуандарға қомақты сыйақы табысталады. Қазақстан күрес федерациясы әлем чемпионатының жүлдегерлеріне арнайы сыйақы мөлшерін бекіткен.
Федерация белгілеген сыйақы бойынша әлем чемпионы атанған қазақстандық балуанға 100 мың доллар, күміс жүлдегерге 50 мың доллар, қола медаль иегеріне 25 мың доллар төленеді.
Бұдан бөлек, спортшыларға мемлекет тарапынан да ақшалай сыйақы қарастырылған. Олимпиадалық спорт түрлері бойынша әлем чемпионатындағы жетістігі үшін алтын медаль иегеріне 15 мың доллар, күміс жүлдегерге 10 мың доллар, қола жүлдегерге 5 мың доллар беріледі.
Осылайша, Қазақстан құрамасының спортшысы әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алса, федерация мен мемлекеттен жалпы 115 мың долларға дейін сыйақы ала алады. Күміс медаль үшін бұл сома 60 мың доллар, қола жүлде үшін 30 мың доллар болады.
2026 жылғы күрес түрлерінен әлем чемпионаты 24 қазан мен 1 қараша аралығында Астанадағы «Барыс Аренада» өтеді. Бұған дейін әлемдік біріншілікті Бахрейннің Манама қаласы қабылдауы тиіс болған. Алайда кейін турнирді өткізу құқығы Астанаға берілді.
Айта кетейік, Астана бұған дейін 2019 жылы да күрестен әлем чемпионатын қабылдаған.
Біздің серіктес: Sport12kz