13 сағат бұрын
Ризабек Айтмұқан әлем чемпионатында Кайл Снайдерге қарсы белдесуі мүмкін
Астанада 24 қазан мен 1 қараша аралығында өтетін күрестен әлем чемпионатында Ризабек Айтмұқан Кайл Снайдер, Абдулрашид Садулаев және Хасан Яздани сынды танымал балуандармен белдесуі мүмкін.
Қазақстан құрамасының алдын ала өтінімі Біріккен әлемдік күрес ұйымының (UWW) ресми сайтында жарияланды. Жарыс «Барыс Аренада» өтеді.
97 келіге дейінгі салмақта Қазақстан атынан Ризабек Айтмұқан сынға түседі. Бұл салмақта Ресей өкілі Абдулрашид Садулаев, америкалық Кайл Снайдер, ирандық Хасан Яздани, жапониялық Араш Йошида және Бахрейн балуаны Ахмед Тажудинов та өтінімге енгізілген. Олардың қай кезеңде кездесетіні жеребе тартылғаннан кейін белгілі болады.
Айтмұқан Садулаевпен бір рет белдесіп, жеңіліп қалған. Снайдерге қарсы екі кездесуде де есе жіберген. Ал Йошидадан төрт рет ұтылса, Тажудиновпен өзара кездесулерде бір рет жеңіп, екі рет жеңілген. Хасан Язданимен әзірге белдескен жоқ.
Әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы сапында Мейрамбек Қартыбай (57 келі), Асыл Айтақын (61 келі), Өсімжан Дастанбек (65 келі), Санжар Досжанов (70 келі), Нұрқожа Қайпанов (74 келі), Шамсат Таир (79 келі), Болат Сақаев (86 келі), Азамат Дәулетбеков (92 келі), Ризабек Айтмұқан (97 келі) және Едіге Қасымбек (125 келі) күреседі. Құрамды бас бапкер Данияр Қайсанов пен кеңесші Майырбек Юсупов жасақтаған. Алдын ала өтінімге жеребе тартуға кемінде 72 сағат қалғанға дейін өзгеріс енгізуге болады.
Айта кетейік, Ризабек Айтмұқан жуырда өткен Азия ойындарында жүлдесіз қалды. Ол алғашқы белдесуінде жапониялық Араш Йошидаға 1:11 есебімен есе жіберді. Кейін Йошида ирандық Амирали Азарпирадан жеңіліп, финалға шыға алмады. Нәтижесінде қазақстандық балуан жұбаныш белдесуіне қатысу мүмкіндігінен айырылды.
Біздің серіктес: Sport12kz