26.09.2024
Ең көп легионер тартқан осы күрес түрлері емес пе? Қайда сол «батырлар»?
Кеше күреске қатысты мәселені көтеріп едім. Маған әртүрлі парақшадан ақпараттық шабуылдар бастапты.
Оның артында кім тұрғанын да жақсы білемін. Негізі проблеманы айтқан адаммен емес, проблеманың өзімен алысу қажет. Ұзын-сонар мәтінімнен Мурат Джакуповты келімсек дегенімді ұстап алып, соған ғана шүйлігіп жатыр. Иә, әкесі қазақ екен. Енді білдім. Десе де, бұл Муратқа ерекше басымдық беріп, Нұрдәулет Селбековты далаға лақтыра салуға болады дегенді білдірмейді.
Мурат Қазақстанға 2023 жылы келді. Яғни, 22 жастағы дайын балуанды әкеліп, қазір соны тықпалап жатсыздар. Бүкіл күрес мектебі Ресейде қалыптасқан. Ал, Нұрдәулет Қазақстанда өскен. Бұны да сыра салайық. Нұрдәулет 5 жас кіші. Яғни, 2006 жылы дүниеге келген. Соған қарамастан іріктеу бәсекесінде ұтып тұр. Егер артынша прикидка жасайтын болсаңдар, неге іріктеу өткізесіздер?! 18 жастағы баланың сағы сынып, тауы шағылатыны маңызды емес пе? Жарайды, сындыра беріңіз. Бірақ, Нұрдәулет көлденең көк атты емес қой. Жасөспірімдер арасында Азия чемпионатында екінші, Әлем чемпионатында үшінші орын алды. Бұның барлығын Ресейде жүріп жеңіп алған жоқ. Қазақстанға әкелді. Яғни, әлеуеті бар. Енді неге ары қарай шаба алмайды? Ресейден Мурат деген дайын қазақ келді деп, күресті тастап кету керек пе?
Проблема төрешілікте дейді. Оны енді федерация қадалау қажет қой. Федерацияның кінәсінен неге Мурат та, Нұрдәулет те зардап шегу керек? Қазір маған атылып жатқандар осы федерацияны арашалап қалғысы келеді. Жоқ, жоқ, жігіттер. Олай болмайды. Мемлекеттен жыл сайын миллиардтар бөлініп жатқан ұйымға талап қоя аламыз. Қоямыз да. Ашығын айту керек, тәуелсіздік алған жылдардан бері ең көп легионер тартқан осы күрес түрлері емес пе? Қайда сол «батырларыңыз»? Біздің жігіттердің жолын жапты, халықтың ақшасын қалтаға қақты. Сосын өз елдеріне тайып тұрды. Оны жоққа шығара алмайсыз.
Биылдың өзінде тек олимпиадаға дайындыққа деп еркін күреске 698 миллион теңге, ал, грек-рим күресіне 701 миллион теңге бөлінген. Оның есебі қайда? Демеудің бір күмісімен жаба алмайсыздар. Оның өзі қалай келгенін білеміз. Бапкері Боранбек Қоңыратовты шеттетіп, жолатқан жоқсыздар. Ақжүрек Таңатаров, Ислам Байрамуков, Мәулен Мамыров, Екатирина Ларионова және басқа да саланың үздіктері неге федерацияға жолай алмайды? Неге команданың қасында жоқ? Көрші қырғыз елі олимпиадаға 16 спортшы апарып, 6 медаль алды. Оның 5-еуі күрестен. Оған не дейсіздер? Оларда біздегідей ағыл да тегіл ақша бөлінбейді. Шеттен легионер тартып, солардың мүддесін қорғамайды. Әр жаққа алып қашпай, нақты жұмысты айтыңыз. Қазбалай берсек, мәселе жетеді. Мен оны әлеуметтік желі арқылы да, ресми хат арқылы да талап етем. Менің аузымды жабуға тырыспаңдар. Бюджеттен шыққан әр теңгенің есебін бересіздер. Плюс әділетсіздікке тап болып, тауы шағылып, арманы адыра қалған әр баланың көз жасына да сіздер жауаптысыздар!
Аслан Қаженов