2 сағат бұрын
Назгүл Боранбаева: Алғашқы тарихи жүлдені жеңіп алғанда оның маңызын толық сезінбедім
Фото: Қазақстан бокс федерациясы
2006 жылы Үндістанда өткен әйелдер арасындағы әлем чемпионатында Назгүл Боранбаева Қазақстан тарихындағы алғашқы әлемдік жүлдені жеңіп алған боксшы атанды, деп хабарлайды Sport12.kz.
Ол кезде елімізде әйелдер боксы енді ғана дамып келе жатқан еді. Бүгінде бұл спортта Назым Қызайбай, Аида Әбікеева, Алуа Балқыбекова сынды чемпиондар өсіп шықты. Қазақстан бокс федерациясының баспасөзіне берген сұхбатында Назгүл Боранбаева боксты қалай таңдағанын, тарихи қола медальді қалай қабылдағанын, сол кезеңдегі әйелдер боксының қиындықтары мен бүгінгі буынның артықшылықтары туралы айтып берді.
- Сіз 2006 жылы әйелдер арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан тарихындағы алғашқы жүлдені жеңіп алдыңыз. Ол кезде әйелдер боксы елімізде енді ғана дамып келе жатқан еді. Осындай кезеңде неге дәл боксты таңдадыңыз?
- Боксқа дейін каратэ және кикбоксингпен айналыстым. Боксқа келуіме әкем Серік Боранбаев пен әпкем Әлия Боранбаева себеп болды. Олар 2002 жылы Түркияның Анталия қаласында өткен әйелдер арасындағы әлем чемпионатына қатысып, осы спорттың болашағы зор екенін көрген. Елге келген соң маған бокспен айналысуға кеңес берді. Ол кезде мен 18 жаста едім, кикбоксингтен халықаралық дәрежедегі спорт шебері болатынмын.
- Боксқа қалай бейімделдіңіз? Алғаш қай жерде жаттықтыңыз?
- Боксқа ресми ауысқаннан кейін де әкемнің кикбоксинг залында жаттыға бердім. 2004 жылы Түркиядағы халықаралық турнирде жүлде алғаннан кейін осы спортқа біржола бет бұрдым. Сол кезде егізім Наргүл екеуміз Вьетнам құрамасының бапкері болған Вадим Присяжнюкпен таныстық.
2005 жылы Қазақстанда алғаш рет әйелдер арасындағы ел чемпионаты өтті. Жарысқа небәрі 20 спортшы қатысты. Мен 46 келі салмақта екі жекпе-жек өткізіп, чемпион атандым. Ол кездегі қатысушылардың басым бөлігі кикбоксингтен келген қыздар еді. Сонымен қатар ұлттық құрамадағы боксшылардың жалақы алып, қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етілуі де бұл спортқа қызығушылығымды арттырды.
- Кикбоксингтен боксқа бейімделіп кету қиынға соқпады ма?
- Кикбоксингте де қолмен жұмыс істейтінбіз. Ол жағынан қиынға түспеді. Бірақ арақашықтыққа бейімделуге біршама уақыт кетті.
- 2006 жылы әлем чемпионатында Қазақстан тарихындағы алғашқы жүлдені жеңіп алдыңыз. Сол сәтті қалай қабылдадыңыз?
- Шынымды айтсам, ол кезде бұл жетістіктің тарихи маңызын толық сезінген жоқпын. Мен үшін кезекті турнир секілді болды. Кейін уақыт өте келе ғана оның мәнін түсіндім. Есте қалған ең қызық сәт – Халықаралық бокс федерациясы қола медаль үшін 750 АҚШ доллары көлемінде сыйақы бергені.
- Бокстан әйелдер бәсекесі Олимпиада бағдарламасына тек 2012 жылы Лондон Олимпиадасында ғана енгізілді. Ал сіздің кезіңізде бокс қазіргідей танымал спорт түріне айналып кететін білдіңіз бе?
Әкем мен әпкем 2002 жылы бокстан әлем чемпионатына қатысқанда, осы спорттың танымалдылығы артатын айтып, бокспен айналысуға үгіттеген еді. Бастапқы кезде ерлермен бірге жаттықтық. Өзімнің егізім Наргүл Боранбаеваның салмағы менімен шамалас болғандықтан, бірге дайындалатын едім. Бірақ спарринг кезінде әйелдер өте тапшы болғанын мойындаймын.
- Сіз сонда бокспен қай жылдары айналыстыңыз?
- 2004 жылдан 2010 жылға дейін өнер көрсеттім. Соңғы ірі жарысым Барбадоста өткен әлем чемпионаты болды. Сол жылы тұрмысқа шығып, спорттық мансабымды аяқтадым. Қазір төрт баланың анасымын.
Мансабымда әлем чемпионаттарының екі қола жүлдесін және Азия чемпионатының күміс медалін жеңіп алдым. Осы жетістіктерімді мақтан тұтамын.
- Қазір әйелдер боксын қаншалықты қадағалап жүресіз? Сіздің ойыңызша, 20 жыл бұрынғы бокс пен қазіргі бокстың қандай ерекшелігі бар?
- Уақыт өткен сайын елімізде әйелдер боксының танымалдылығы артып келеді. Кезінде тек ерлердің боксын ғана қарасақ, қазір жас буындар Назым, Алуаға қарап өсіп келеді. Менің ойымша, біздің кезде тамаққа дұрыс мән бермеді деп ойлаймын. Ет ауыр деп, аз жедік. Су аз іштік. Дайындық кезінде қолымыз тырысып қалады деп, темірмен жаттықпайтын едім. Қолымыз нәзік, физикалық жағынан әлсіздеу болдық. Салмақты дұрыс қуа алмадық десем болады. Қазіргідей интернет дамымады. Көп дүниені білмедік. Қазір аруларымыз физикалық және күш жағынан ешкімнен түспейді.
- Бокс сіздің өміріңізге қалай әсер етті деп ойлайсыз?
- Бірінші кезекте мінезді қалыптастырды. Ешқандай қиындыққа мойынұсынбауды үйретті. Өзімнің балаларымды да спортқа беріп, толықтай қадағалап жүрмін.
Сіз болған кездегі боксшылардың барлығы мансаптарын аяқтап кетті ме?
Менімен бірге ұлттық құрамада болған Айгерім Сәттібаева ұзақ жылдан кейін боксқа оралып, қайта жетістіктерге жетіп жүр. 2025 жылы Қазақстан чемпионатында топ жарса, биыл Моңғолияда Азия чемпионатының қола жүлдесіне ие болды. 5 баланың анасы бокста үлкен жетістіктерді бағындыруын жетістік деп білемін. Ал мен тұрмысқа шыққаннан кейін бар уақытымды отбасыма арнадым. Дегенмен әйелдер боксының бүгінгі жетістіктерін көріп, әрдайым қуанып жүремін.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қытай боксшыларын жаттықтырып жүрген қазақ бапкері Болат Ниязымбетов сұхбат берді.
Біздің серіктес: Olimpbet қосымшасын пайдалан