6 сағат бұрын
Қазақстан боксшылары Азия ойындарында 3 алтын алады - Аслан Қаженов
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан
Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасы 2026 жылғы Жазғы Азия ойындарында қанша медаль алу мүмкіндігі бар? Бұл жөнінде спорт журналисі Аслан Қаженов Sport12.kz тілшісіне берген сұхбатында айтып берді.
Жазғы Азия ойындары 2026 жылдың 19 қыркүйегі мен 4 қазаны аралығында Жапонияның Нагоя қаласында өткізіледі. Беделді бәсекеде еліміз ерлер және әйелдер құрамалары бойынша 11 салмақта жүлдені сарапқа салуына мүмкіндігі бар. Оның 6-уы ерлер, 5-еуі әйелдер арасында болады.
https://informsports.kz/kk/aziya-oyindarina-katisatin-boksshilar-aniktaldi-890a4efe
- Шынында, Азия ойындарында Қазақстан он жылдан бері алтын ала алмай келеді. Салыстырмалы түрде, биыл жеңіс тұғырынан көрінуге үміт бар. Оған мүмкіндігіміз зор екенін айта кетелік. Бүгін Елдос Сайдалин Қазақстан әйелдер құрамасы тізімін жариялады. Оған үздік бес боксшымыз енгізілген. Олардың барлығын мықты деп айта аламын. Десе де қарсыластарының әлеуеті мен спортшылардың соңғы көрсеткіші қарай отырып, өз болжамымды айтқым келеді. Мәселен, 54 келі салмақта Назым Қызайбайды жеңіс тұғырынан көреміз деп ойлаймын. Өзге салмақта барлығы жеребеге байланысты болып отыр. Екіншіден, әр салмақтың өзінің көшбасшы боксшысы бар, олар қалай дайындалып келеді, жеңімпаз соған қарап анықталады. Назымға тоқтала кетсек, биыл Қытайда өткен әлем кубогында ол өз салмағында мықты екенін дәлелдеді. Негізгі қарсыластарын жеңіп шықты. Ал Алуа Балқыбекованың (51 келі) әлеуеті өте жақсы. Дегенмен бұл салмақта үндістандық тәжірибелі боксшы бар екенін естен шығармауымыз тиіс. Негізгі тартыс екеуінің арасында өтеді деген ойдамын. Одан кейінгі 60 келіде Виктория Графеева да жүлдеге қол жеткізуі мүмкін. Десе де бұл салмақта Тайпей елінің боксшысы да ешкімге дес бере қоймайды. Әлем кубогында екеуі финалда шеберлік байқасқан еді. Сондай-ақ 65 келіде Аида Әбікееваның басты қарсыласы - өзбекстандық боксшы. Ал 75 келіде Наталья Богданова фаворит болып есептелмейді. Ол 70 келі салмақтан ауысты. Бұл салмақта бас жүлдеден негізгі үміткер Қытай боксшысы деп санаймын. Бұл - менің жеке болжамым, - деді Аслан Қаженов.
Әзірге еліміздің ерлер құрамасынан Азия ойындарына кімдер баратыны жариялана қойған жоқ. Соған қарамастан әзірге кімдердің баруы мүмкін деген болжам бар.
- Соңғы көрсеткіштерге қарап, Азия ойындарына кімдердің баруы мүмкін екенін жорамалдап отырмыз. Десе де нақты тізімді күтеміз. Менің ойымша, әзірге 55 және 70 келі салмақтағы боксшылар сұрақ белгісі болып тұр. Бұл салмақта біз алтын алуымыз мүмкін. Отандастарымыз бұған дейінгі аталған салмақтарда әлем чемпионаты, әлем кубогында жақсы нәтижеге қол жеткізді. Сондықтан бұл салмақта бәсекелестік өте жоғары. Негізінде 70 келіні қазақстандық салмақ деп бағалайды. Соған қарамастан бұл салмақта жапониялық тәжірибелі боксшы бар. Жапонияның мұндай тәжірибелі спортшысы 55 келіде де жақсы көрсеткішімен жанкүйер көіне түсіп келеді. Сондай-ақ тағы екі салмақты ерекше айта кетуге болады. Егер ұлттық құрама сапына енсе, 80 келіде Сабыржан Аққалықовтың алтынға қол созуына мүмкіндігі зор. Оған қоса аса ауыр салмақтағы Айбек Оралбай Азия ойындарында жеңіс тұғырынан көрінуі мүмкін. Халқымызда «Арық сөйлеп семіз шық» дейді ғой. Әзірге ұлттық құрама алдына еліміздің бокс федерациясы тарапынан кем дегенде бір алтын алу міндеті қойылып отыр. Өз жорамалым бойынша, ол үшеу болады деген үміттемін. Оған толық әлеуетіміз жетеді. Бұл өте керемет болар еді. Сол арқылы үлкен олқылықтың орнын толтыра аламыз, - деп толықтырды А.Қаженов.
Біздің серіктес: Sport12kz