8 сағат бұрын
Амалбек Тшанов: Бапкерлер Азия ойындарына баратын боксшыларға қатысты әділ шешім шығаруы тиіс
Фото: АМалбек Тшановтың жеке мұрағатынан
Мемлекет және қоғам қайраткері, спорт жанашыры Амалбек Тшанов Informsports тілшісіне Азия ойындарындағы қазақстандық боксшылардың мүмкіндігі жөнінде пікірін білдірді, деп хабарлайды Sport12.kz.
Жазғы Азия ойындары 2026 жылдың 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Жапонияның Айти және Нагоя қалаларында өтеді. Жарыс бағдарламасына 68 дисциплинаны қамтитын 41 спорт түрі кіреді. Олардың арасында бокстан да жүлделер сарапқа салынады.
Әзірге бокстан ерлер құрамасының нақты тізімі жариялана қойған жоқ. Десе де жанкүйерлер арасында Абылайхан Жүсіпов пен Төрехан Сабырханның қайсысы дүбірлі додада бақ сынайды деген тақырыпта талқылау жүріп жатыр.
– Бұл жігіттердін дайындығының қандай деңгейде екенінен хабарым жоқ. Алайда екеуінің де тәжірибелі боксшылар екенін жақсы білемін. Бұл жерде әрбір мәселеге жан-жақты қарау керек. Қай кезде де спортшының мұндай жарысқа спорттық форманың жоғарғы сатысында келуі керек екені белгілі. Салмағы қалай болып жатыр? Ең негізгісі, бапкерлер бұрмаламай, екеуінің жыл бойғы спорттық формасына сараптама жасап, нақты шешім қабылдауы керек. Ал жалпы жарыстан біздің жігіттер лайықты орын алады деп үміттенеміз.
Қазір бокс біздің кездегідей емес. Ол уақытта нокдаун, нокаут жиі тіркелетін. Қорықпай ашық айқасқа шығуға да болады. Бүгінде техниканы жақсы меңгерсең, жеңіске жетуге толық мүмкіндігің бар, - деді Амалбек Тшанов.
Абылайхан Жүсіпов 1997 жылы 10 қаңтарда дүниеге келген. Қазірге дейін әлем чемпионатында үш дүркін қола алса, бір мәрте Азия чемпионы атанды.
Ал Төрехан Сабырхан 2006 жылы 13 ақпанда өмірге келген. 2025 жылы әлем чемпионы атағын жеңіп алды.
Біздің серіктес: Sport12kz