2 сағат бұрын
Жазғы Азия ойындарында ең көп жүлде алған боксшылар кімдер?
Фото: Қазақстан бокс федеарциясы
1994 жылдан бергі жазғы Азиаданың тарихына көз жүгіртсек, Қазақстан боксшылары 16 алтын, 15 күміс, 15 қола жүлдеге қол жеткізген, деп хабарлайды Sport12.kz.
8 жазғы Азия ойындарына қатысып үлгерген жерлестеріміздің арасынан әзірше 7 боксшымыз ғана бірнеше жүлде иеленген.
Мұхтархан Ділдәбеков (1998, 2002, 2006)
1998 жылы Бангкокте өткен Азиада Мұхтарханның мансабындағы алғашқы ірі жарыстардың бірі саналды. Ол осы салмақта басты фаворит саналған әрі 1995, 1997 жылғы Азия чемпионы Мохаммад Реза Самадиді (Иран) финалда нокаутпен жеңді.
2002 және 2006 жылдың финалы Мұхтархан мен Сидней Олимпиадасының қола жүлдегері Рустам Саидовтың (Өзбекстан) арасында өтіп, жеңіс қарсыластың еншісіне кетті.
Данияр Елеусінов (2010, 2014)
2010 жылғы Азия ойындарында Данияр 4 жекпе-жек өткізіп, қарсыласына небәрі 1 ғана ұпай берді. Финалда жерлесіміз Үндістан өкілі Вирозу Санзуш Кумарды 16:1 есебімен тас-талқан етті.
2014 жылы Данияр финалда Өзбекстан боксшысы Исраил Мадримовтан айласын асырып кетті.
Нұржан Сманов (1994, 1998)
Тәуелсіз Қазақстан тұсындағы алғашқы жазғы Азия ойындарында 67 келіде алтын жүлде сыйлаған боксшы. Финалда ол Барселона Олимпиадасының қола жүлдегері Архом Ченглайды (Таиланд) техникалық нокаутпен жеңді.
1998 жылы отандасымыз Таиландтың өзге Паркпум Жангфонакқа 4:10 есебімен жол берді.
Серік Сәпиев (2006, 2010)
2006 жылы Дохада өткен Азиаданың жартылай финалында Серік Сәпиев қазақ жұртына жақсы таныс, Афина Олимпиадасының чемпионы Манус Бунжумонгтан (Таиланд) 18:22 есебімен есе жіберді.
Араға 4 жыл салып, боксшымыз финалда Уктамжон Рахмонован 9:3 есебімен басым түсті.
Біржан Жақыпов (2010, 2014)
Біржан 2010 жылы бітіспес қарсыласы, 2 дүркін Олимпиада чемпионы Зоу Шиминге (Қытай) жол берсе, 2014 жылы әлем чемпионатының 2 мәрте жүлдегері Шин Жонг-ханнан (Оңтүстік Корея) жеңілді.
Галиб Джафаров (2002, 2006)
Қазақстан тарихындағы екінші әлем чемпионы саналатын Галиб Джафаров 2002 жылы Пәкістан боксшысы Мехруллах Лассиге 21:26 есебімен жол берді.
2006 жылы жерлесіміз жартылай финалға дейін жетіп, Зоригбаатарин Енхзоригтен (Моңғолия) 21:28 есебімен есе жіберді.
Асланбек Шымбергенов (2018, 2023)
2018 жылы Джакартадағы Азиаданың финалында Асланбек Өзбекстан спортшысы Бобо-Усмон Батуровтан есе жіберді.
2023 жылы отандасымыз қола жүлдені ғана қанағат тұтқанымен, бокс бәсекесінде жеңіске деген ұмтылысымен жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленді.
Алдағы 21 қыркүйек - 2 қазан аралығында Нагояда өтетін Азиадада ел намысын қорғайтын 11 отандасымыздың арасынан Наталья Богданованың ғана қола жүлдесі бар.
Айта кетсек, бұдан бұрын Өзбекстан Азия ойындарына баратын боксшылардың нақты тізімін жариялады.
Біздің серіктес: Sport12kz