4 сағат бұрын
Ахиада-2026: Төрехан Сабырхан қай уақытта шаршы алаңға шығады?
Фото: Қазақстан ҰОК
Қазақстандық боксшы Төрехан Сабырхан 2026 жылғы Азия ойындарында 24 қыркүйек бірінші сессиядағы 8-ші жұпта шаршы алаңға шығады, деп хабарлайды Sport12.kz.
Бұл Қазақстан уақытымен шамамен 09:45-те болады. Тікелей эфир Қазақстан ұлттық телеарнасынан көрсетіледі.
Төрехан Сабырхан 2006 жылы дүниеге келген. Ол 2025 жылы Ливерпульде (Англия) өткен World Boxing әлем чемпионатының жеңімпазы. 2024 жылы Черногорияда өткен жастар арасындағы әлем чемпионы, сондай-ақ жасөспірімдер мен жастар арасында Азия чемпионатын төрт рет жеңіп алған (әлемде жалғыз) спортшы.
Азия ойындарында 21-26 қыркүйек аралығында алдын ала іріктеу кезеңі өтсе, 27-28 қыркүйекте ширек финал, 29-30 қыркүйекте жартылай финал болады. Финал 2 қазанға белгіленген.
Құрлықтық бәсекеде еліміздің ерлер құрамасында 6, әйелдерде 5 боксшы шаршы алаңға шығады. Олардың қатарында ерлерде Махмұд Сабырхан (55 келі), Оразбек Асылқұлов (60 келі), Төрехан Сабырхан (70 келі), Сабыржан Аққалықов (80 келі), Нұрбек Оралбай (90 келі), Айбек Оралбай (90 келіден жоғары) бар
Ал әйелдерде тізімге Алуа Балқыбекова (51 келі), Назым Қызайбай (54 келі), Виктория Графеева (60 келі), Аида Әбікеева (65 келі) және Наталья Богданова (75 келі) енгізілген.
Біздің серіктес: Sport12kz