5 сағат бұрын
Бақыт Сәрсекбаев: Шәкірттерім әлем чемпионатына тас-түйін дайын
Фото: Қазақстан бокс федерациясы
Бокстан Қазақстан U-19 жастар құрамасының аға жаттықтырушысы Бахыт Сәрсекбаев команданың Черногорияның Будва қаласында өтетін 2026 жылғы әлем чемпионатына дайындығы туралы айтып берді, деп хабарлайды Sport12.kz.
«Қазір Түркістан облысында біздің команда әлем чемпионатына дайындалып жатыр. Жақында спаррингтік кездесулер өткізіп, сол арқылы жігіттерді іріктеп алдық. Енді шамамен бір апта уақыт қалды. Содан кейін әлем чемпионатына аттанамыз.
Жігіттердің көңіл-күйі жақсы. Барлығына сәттілік тілеймін. Әлем чемпионатына барып, алтын медальдармен оралсақ, өте жақсы болар еді. Жігіттер бұл әлем чемпионатына алғаш рет қатысқалы отыр. Наурыз айында бәріміз Таиландта өткен Futures Cup турниріне қатыстық. Оған 80-ге жуық елдің өкілдері жиналды. Біздің жігіттер де жақсы нәтижелер көрсетті.
Қарсыластарға келсек, өздеріңіз білесіздер, Өзбекстан, Ресей және Америка құрамалары бар. Олардың сапында өте мықты жігіттер бар», — деді Сәрсекбаев.
19 жасқа дейінгі жастар арасындағы бокстан әлем чемпионаты (World Boxing U-19) 16-27 қазан аралығында Черногорияның Будва қаласындағы Жерорта теңізі спорт орталығында өтеді. Жарысқа әлемнің 75-тен астам ұлттық федерациясынан 550-ден астам спортшы қатысады.
Айта кетсек, халықаралық бокс қауымдастығының (IBA) президенті Умар Кремлев әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алған боксшыларға қомақты сыйақы берілетінін мәлімдеді.
Біздің серіктес: Sport12kz